Елордада Абайға арналған ерекше қойылымның премьерасы өтті

Бүгін Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «45» атты пластикалық қойылымның премьерасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Абайдың қара сөздерін арқау еткен қойылымда нақты кейіпкер жоқ. Пластика мен әнге өрілген қойылымда актерлар ақынның халыққа айтқан өсиетін насихаттайды.
Қойылымның режиссері – мәскеулік Илья Подчезерцев. Оның айтуынша, классикалық мәтіндер пластикалық өнер тілінде жаңаша бейнеленіп, поэзия мен қозғалыстың үйлесімді бірлігін көрсетеді.
«Қойылымға дайындық Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітаптарын оқудан басталды. Кейін ақынның қара сөздерін оқып шықтым. Өздеріңізге мәлім, Абайдың қара сөзі бүгінде өзектілігін жойған емес. Қойылым философиялық терең мағынаға ие. Оның айтар ойы бар. Мұнда адамның билікке таласқыш, жалқау болатынына, ғылым, ақылдың жарысы, сондай-ақ рухани құндылықтардан көріністер қойылады», - деді мәскеулік режиссер.
Илья Подчезерцевтің режиссерлік шешімінің арқасында Абайдың философиялық ойы сахналық пластика арқылы көрерменге жеткізіледі.
«Абайдың қара сөздерін іс-әрекет, қимыл арқылы жеткізу режиссердің талабы болды. Пластика арқылы қара сөздерін тыңдап, көрермен бүгінгі қоғамда болып жатқан жағдайларды көреді», - деді Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актрисасы Ақбота Мәкежанова.