Байқоңыр ауданындағы шыршалар тұрғындарды қуанышқа бөледі
Байқоңыр ауданындағы «Жастар сарайының» аумағы мерекелік іс-шаралар мен отбасылық серуендер үшін тамаша орынға айналды. Бүгін алаңда 18 метрлік шыршаның шамы жағылып, шаһардың жарығын самаладай жарқыратып жіберді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елорда көшелерінің күннен-күнге ертегідей кейіпке еніп бара жатқанына таң-тамаша болған тұрғындар мен қала қонақтары шамдары жалт-жұлт еткен осы алаңнан табылды.
Олар жай айналадағы көріністі қызықтап қана қоймай, кешкілік бос уақыттарын мұз айдыны мен сырғанақта көңілді әрі белсенді өткізді.
Жарықпен безендірілген жан-жануарлардың, ертегі және мультфильм кейіпкерлері пішінінің жанында мерекелік фотосуреттерге түсу қалалықтар үшін таптырмас әдемі орын болды. Ал К.Ататүрік атындағы саябақ пен Ж.Тәшенов көшесі шамдар мен сәндік элементтерге толы қысқы ертегі әлеміне айналғандай. Аумақта 20 метрлік шырша анадайдан жарқырап, мұз айдыны, сырғанақтағы үлкен-кішінің көңілді шуы қаланы ерекше думанға бөледі.
«Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарында, «Қоянды» саяжай алабында 8 метрлік шыршалардың сұлулығы көз тартып, жанға жайлы атмосфера мен әдемі фотоаймақтар тұрғындардың көңілін серпілтетін тамаша орнынға айналды.
Сонымен қатар аудан бойынша Кеншілер, 5 және Досмұхамедұлы, 6 мекенжайларында екі бес метрлік конус шыршасы орналасты, бұлар да жаңажылдық көріністің көркіне көрік қосты.