Қазақстан мен Өзбекстан арасында теміржол желісі ашылады
Дарбаза–Мақтаарал жаңа теміржол желісі Қазақстан мен Өзбекстан арасын жақындатады, деп хабарлады Elordainfo.kz «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа теміржол желісінің құрылысы жүк тасымалын қазіргі Сарыағаш-Ташкент учаскесінен жаңа желіге ауыстыруға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және Өзбекстанға экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл мақсатта «Самұрық-Қазынаның» портфельдік компаниясы – «Қазақстан темір жолы» 286 миллиард теңгеге инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.
Дарбаза-Мақтаарал жаңа желісі Түркістан облысының екі шалғай ауданы – Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның басқа аймақтарымен байланыстырады.
Бүгінгі таңда 203 шақырым жолдың шамамен 100 шақырымына рельс-шпалды тор төселді; 9,5 млн текше метр жер қазу жұмыстарының 1,4 млн текше метрі (немесе 15%) орындалды.
Жобаға 46 жол-құрылыс техникасы мен 70-тен астам адам жұмылдырылды.
Теміржол құрылысына жергілікті өндірушілердің материалдарын қолдану жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 3400 уақытша жұмыс орны, ал 2027 жылы қолданысқа берілетін кезде 500-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.