Қазақстан мәдениет пен өнер салаларында үлкен жетістіктерге жетті – Дәурен Мусин
«Астана Опера» театрының аға хормейстері Дәурен Мусин 1991 жылы еліміз азаттық алған шақта дүниеге келген, деп хабарлады Elorda.info.
Кішкентай кезімде ата-анам маған: «Сен еліміз егемендік алған жылы дүниеге келдің, сондықтан сен тәуелсіздіктің құрдасысың» деп айтып отыратын. Менің тәрбиеме анам көп үлесін қосты, сондай-ақ мектепке барғанға дейін ата-әжемнің бауырында болғандықтан бұл кісілердің де маған еңбегі сіңді. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген қазақстандық отбасылар секілді біздің отбасында да әлеуметтік тұрғыда бірқатар қиыншылықтар болды. Әкем мамандығы сәйкес келмесе де, отбасын асырау үшін зауытта жұмыс істеді.
Негізі, ата-анам университет қабырғасында оқып жүргенде оркестрдің құрамында домбырашы ретінде өнер көрсеткен. Ал менің хорға қалай келгенім жайлы айтатын болсам, оқушы кезімнен ән салатынмын, мектептің хорына баратынмын. Сөйтіп, музыкаға деген икемімді байқаған ата-анам мені төртінші сыныпта Ақмоладағы музыкалық академияға оқуға берді. Хор дирижерлеу мамандығы бойынша жоғары білім алғаннан кейін Мәскеуде, Санкт-Петерборда тәжірибеден өттім, ал Аустрияда алғашқы өнер көрсетулерім болды. 2013 жылы еңбек жолымды елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда хормейстер болып бастап, 2014 жылы ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің шақыруымен «Астана Операға» жұмысқа келдім. Содан бері міне, он жыл бойы Орталық Азиядағы ең үлкен әрі сәулетті театрда аға хормейстер болып қызметімді жалғастырудамын, - деді Д.Мусин.
Аға хормейстер келер жылы жеке концертін беруді жоспарлап отыр.
Биыл Польша астанасында қазақстандық композиторлардың туындыларынан ауқымды концерт бердік. Оны поляктардың ықыласпен қабылдағаны сонша, келесі күні бағдарламаны қайтадан ұсынуға тура келді. Осындай жетістіктерден шабыт ала отырып, келесі жылдың көктемінде тағы бір жеке концерт беруді жоспарлап отырмын. Негізі, көп жайт салыстырған кезде белгілі болады ғой. Гастрольмен көп елдерді аралай жүріп, еліміз мәдениет пен өнер салаларында үлкен жетістіктерге жетті деп айта аламын. Ұстаздарым театрда арнайы жағдайлар жасалмаса, «сахна сыртындағы хорға» дирижерлік ету қиын болатынын айтып отыратын. Бұл арада біздің орындайтын шығармамыз мынадай, яғни хор әртістері шымылдықтың ар жағында тұрып, залда отырған көпшілікке алыста адамдар ән салып тұрғандай әсер қалдыруы тиіс. Қуанышымызға орай, біз заманға сай технологиялармен қамтылған театрда жұмыс істейміз, сахна сыртындағы үлкен кеңістік керемет дыбыс эффектілерін жасауға мүмкіндік береді. «Астана Опера» секілді театрды барлық дерлік мемлекеттер тұрғыза алған жоқ, бұл еліміздің мәдениет пен өнерге зор көңіл бөлетінінің айғағы.
Адам жақсылыққа ұмтылса, қолынан бәрі келетініне, ал егер қырсығып отыра берсе, ешқандай өсу болмайтынына сенімдімін. Барымызды бағалай білейік! Қазақ өнері дами берсін! – деді ол.