Қыс басталғалы Астанадан 4 миллион текше метрден астам қар шығарылды


Астананың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
26 қаңтардан 27 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер Астанадан 48 мың текше метрден астам қарды 3 688 рейспен шығарды.
27 қаңтар күні таңертең қар тазалау жұмысына 2 300-ден астам жол жұмысшысы мен 1 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілі басталғалы 4 миллион текше метрден астам қар қаладан полигондарға 321 291 ауыр жүк рейсімен шығарылды.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз», - делінген хабарламада.



