Астанада жаңа аллея ашылды

Астанада жаңа  аллея ашылды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Елордадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің (ҰҚУ) аумағында Ұлттық ұлан түлектерінің алеясы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған іс-шараға ҰҚУ басшылығы, университет жанындағы Ұлттық ұлан факультетінің әр жылдардағы бастықтары, сондай-ақ ардагерлер мен білім алушы тәлімгерлер қатысты. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс-шара барысында олар қарағай көшеттерін отырғызды. Мұнда Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов бұл бастаманың маңызын атап өтті.

«Ұлттық ұлан – ел қауіпсіздігінің сенімді тірегі. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан офицерлер Отанға адал қызмет етіп, әскери тәртіп пен кәсіби біліктіліктің үлгісін көрсетіп жүр. Бүгін отырғызылған қарағайлар – жас офицерлердің елге деген адалдығының, ҰҚУ мен Ұлттық ұлан арасындағы берік байланыстың белгісі. Бұл аллея болашақ сардарларға рухани бағдар болады деп сенемін», - деді Жұмабек Ахметов.

Ұлттық ұлан факультеті – әскери білімнің бірегей орталығы. Онда тәртіп пен кәсібилікке, моральдық-психологиялық тұрақтылыққа басымдық беріледі. Сол себепті факультет түлектері ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау, стратегиялық нысандарды қорғау, төтенше жағдайларда көмек көрсету секілді жауапты міндеттерді абыроймен атқарып жүр.

Ұлттық ұлан түлектерінің аллеясы алдағы уақытта да жыл сайын жас офицерлердің қатысуымен кеңейіп, жаңа көшеттермен толыға бермек. Бұл дәстүр еліміздің әскери рухын нығайтып, патриоттық тәрбие берудің жаңа бір форматына айналатын болады.