Ірі көлемдегі алаяқтық бойынша күдікті Түркиядан қайтарылды

8 қыркүйек, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views68
Ірі көлемдегі алаяқтық бойынша күдікті Түркиядан қайтарылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің және Түркия Республикасының құзыретті органдарының көмегімен бірнеше рет алаяқтық бойынша іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Түркиядан елге қайтарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол 2023 жылы Шымкент қаласында басқа адамдармен алдын ала сөз байласып, интернет-алаңда нарықтық бағадан төмен бағамен автокөлік сатылады деген жалған хабарландырулар орналастырған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 52 жәбірленуші жалпы сомасы 70 млн теңгеден астам қаражаттан айырылды.

«Аталған қылмыстың қатысушылары бұрын жазаның әртүрлі түрлеріне сотталған. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынғанына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланып, ағымдағы жылдың тамыз айында Түркия аумағында ұсталды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ол мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Бас прокуратура мен құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қылмыс жасаған тұлғаларды, олар қай елде жүргеніне қарамастан, жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысын жалғастырады.