Елордаға ағылған көші-қон қаладағы медициналық мекемелерге кері әсер етіп отыр – Кендебай Адамбек

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында Астанада тұрғындардың өсімі мен оның инфрақұрылым дамуынан озып бара жатқанын ерекше атады. Соңғы үш жылда елорда халқы 250000 адамға артты. Ресми 1,5 млн деп айтылғанмен, нақты 2 млн-нан аса тұрғын бар. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Осы мәселе мәслихат қабырғасында да көп рет қаралған. Унитарлы мемлекет болғандықтан, тұрғындар санын ресми шектей алмайтындығымыз да айтылған. Шілдеде Президент қол қойған Астана және басқа да республикалық маңызы бар қалалардың статусына өзгеріс енгізу кезінде бір пәтерге тіркеуді реттейтін өзгеріс енгізілген. Енді бұл заңнамалық өзгерісті енгізу үшін мәслихат арнаулы ережені бекітуі қажет», - деді ол.
Депутат сондай-ақ көші-қон ағындарының қаладағы медициналық мекемелерге де кері әсері баршылық екенін растады. Оның айтуынша, Астана тұрғындарының өздері де сапалы медициналық көмекке зәру.
«Қалада 43 емхана бар. Бір емхана 11 мың адамды бір ауысымда қарауға арналған, алайда нақты 40 мың. Мысалы, сол жағалауда №9 емхана 60 мың тұрғынға саналған. Нақты бұл емхана 100 мыңнан аса адамды қабылдайды. Сондықтан қалаға тағы да кем дегенде 9 емхана қажет.
Сол жағалауда балаларға арналған жарақаттарды қарау (травмпункт) мекемесі жоқ. Қазір күллі қала оң жағалаудағы №2 көпсалалы балалар ауруханасына ағылады. Күніне әртүрлі 800 бала ем алуға барады, оның 300-і әртүрлі жарақатпен келеді. Сондықтан сол жағалауда кем дегенде 200 бала қабылдайтын жарақат қарау орны қажет», - дейді Кендебай Сарыбайұлы.



