Президент Жолдауында өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңарту, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне баса мән берілген. Бұл міндеттердің нәтижесі ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуге тиіс. Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Egemen Qazaqstan газетіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы мықты мемлекеттің негізі дамыған қалалар мен өңірлерде екенін айтты. Осы орайда ірі қалаларды орта әрі ұзақ мерзімге дамыту жоспарларын әзірлеу, қала инфрақұрылымын басқаруға цифрлық технологияларды енгізу міндеті қойылды. Ірі қалалар экономиканың өсуіне серпін беріп, инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі керек. Олардың дамуы айналасындағы елді мекендерге де пайда әкелуге тиіс. Бұл ретте әр өңірдің ерекшелігін, негізгі шаруашылық бағытын, алдағы мүмкіндіктерін ескеру маңызды.
Жолдаудағы ауқымды бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік нысандар, жолдар, инженерлік желілер жаңартылады. Осы жұмыстарға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Мұнда мемлекет қаржысының халыққа нақты пайда әкелуі аса маңызды. Жаңа нысандар салу арқылы өңірлердің инфрақұрылымы жақсаруы керек. Сонымен бірге кәсіп ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге, тұрғындардың табысын арттыруға жағдай жасалуға тиіс», - деді ол.
Сарапшының айтуынша, ауылдарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар ауыл шаруашылығына қажет инфрақұрылымды дамыту, өнім өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Осы бағытта өңірлерде цифрлық жобаларды сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Олар ауылдағы өндірушілерге өз өнімін сатуға көмектесуге бағытталған. Мұндай жобалар шаруалардың жаңа нарықтарға шығуына, табысын көбейтуіне, ауыл тұрғындарына қосымша табыс көздерін ашуға мүмкіндік береді.
«Меніңше, бұл бастамаларды іске асырғанда әр елді мекеннің жағдайын ескеру қажет. Ірі қаланың, шағын қаланың, ауылдың мұқтаждығы әртүрлі. Сондықтан олардың нақты қажеттілігі мен экономикалық мүмкіндігін анықтап, соған сай жұмыс жүргізген дұрыс. Ең бастысы, мемлекет бөлген қомақты қаржы жергілікті экономиканың дамуына да ықпал етуге тиіс. Өңірлерде салынған нысандар мен жаңарған инфрақұрылым тұрғындардың тұрмысын жақсартуға қызмет етуі керек.
Өңірлік саясаттың нәтижесін де осы тұрғыдан бағалаған жөн. Халық сапалы қызметке қол жеткізе алды ма? Жаңа жұмыс орындары ашылды ма? Тұрғындардың табысы өсті ме? Адамдар қай жерде тұрса да, өз қабілетін іске асыруға мүмкіндік алды ма? Міне, өңірлерді дамыту жұмысының шынайы нәтижесін осы өзгерістер көрсетеді», - деді Нұрболат Құрметұлы.