Елордада құтқарушылар өрт қауіпсіздігі бойынша акциялар өткізді

8 қыркүйек, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views92
Елордада құтқарушылар өрт қауіпсіздігі бойынша акциялар өткізді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» бағдарламасы аясында елорданың Төтенше жағдайлар департаменті «Ізгі өрт сөндіргіш» және «Құтқарушылар қамқорлығы» атты алдын алу акцияларын ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға ТЖД қызметкерлері, еріктілер және қала әкімдігінің өкілдері – жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты.

Мақсат – тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету.

Акциялар барысында құтқарушылар пешпен жылыту жүйесін және электр сымдарын тексерді, қауіпсіздік датчиктерін орнатты. Сондай-ақ жалғызбасты зейнеткерлерге көмектесіп, мұржаларды тазалады, пеш пен өрт сөндіргішті пайдалану ережелерін түсіндірді және тұрмыстық мәселелерін шешуге қолғабыс етті.

ТЖД қызметкерлері қарттар үйі мен пансионаттарға да барып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, ғимараттардың қауіпсіздігін тексерді, түтін мен газ датчиктерін орнатып, өрт сөндіргіш сыйға тартты және оны қолдану бойынша нұсқаулық өткізді.

«Қарт адамдар үшін ең бастысы – назар аудару. ТЖД қызметкерлері датчиктер орнатып, электр жүйесін тексеріп, өрт сөндіргішті қалай дұрыс пайдалану керегін жан-жақты түсіндірді. Бұдан бөлек, ардагерлерімізге шағын концерт қойып, көңілдерін көтерді. Мұндай қамқорлық үшін ризашылығымызды білдіреміз, жанымызда осындай жауапты да жанашыр жандардың бары қуантады», – деді қаладағы пансионаттардың бірінің директоры Мәншүк Қаманбекқызы.

Балаларға да ерекше көңіл бөлінді. Құтқарушылар Балаларды қолдау орталығына барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін ойын түрінде түсіндірді. Кейін балаларды Ailand ойын-сауық орталығына апарып, профилактикалық жұмысты жалғастырды. Іс-шара соңында тәрбиеленушілерге сыйлықтар таратылды.

«Біздің шаралардағы басты мақсат – жақсылық арқылы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осындай алдын алу шаралары арқылы қауіпсіздік ережелерін жеткізіп, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға тырысамыз. Біздің басымдық – елордалықтардың қауіпсіздігіне қамқор болу», – деді Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев.

Айта кетейік, мұндай профилактикалық акцияларды алдағы жылыту маусымының алдында тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.