Астанада кезекті бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке өтті

25 сәуір, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада кезекті бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы «Esil University» оқу орнының қабырғасында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Аталған университеттің жыл сайын екі рет өткізетін іс-шарасын бірге ұйымдастыруға Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қалалық «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі қолдау білдірді.

Жәрмеңкеге қаладағы 50 жұмыс беруші ұйым, 800-ден астам жұмыс іздеп жүрген азамат, ЖОО түлектері және елорда жастары қатысты.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы NEET санатындағы жастармен жұмыс бойынша бөлім басшысы Сұлтан Өмірғалиев мұндай іс-шаралар өткізу жастарды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бір бөлігі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы адами капиталды дамыту және жастарды қолдау еліміздің маңызды басым бағыты екенін айтады. Биыл біз осымен үшінші жәрмеңкені өткізіп отырмыз. Бұған дейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде және Барыс Арена ғимаратында жұмыссыздар үшін ірі қалалық жәрмеңке ұйымдастырдық. Ал бүгін осы оқу орнында 3-4 курс студенттері үшін жәрмеңке өткізілуде», - деді ол.

Жәрмеңкенің ашылуына келген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Назгүл Ахметжанованың айтуынша, бүгінгі таңда елордада Орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттері және жергілікті атқарушы органдар бойынша 300-ге жуық бос жұмыс орындары бар.

«Астанада жергілікті атқарушы органдарда 70-тен астам бос жұмыс орны бар, соның 50-ден көбі – ең төменгі атқарушы лауазымдар. Жастарды осы бос жұмыс орындарына орналастыруға мүмкіндік бар. Себебі бұл қызметтерге ешқандай еңбек өтілі талап етілмейді. Мемлекеттік қызмет – сан алуан сала. Сондықтан кез келген мамандық иесінің жұмысқа тұруға мүмкіндігі зор. Ең бастысы бәрі заңнаманы білуге арналған тест тапсыруы керек. 2023 жылдан бастап мемлекеттік органдарға жұмысқа тұру үшін іріктеу сатыларын цифрландыру мақсатында, яғни адами факторды азайту үшін www.eqyzmet.gov.kz порталы жасақталды, бүгінде 68 мемлекеттік орган соған енген. Барлық сынақтар кезеңі осы портал арқылы жүзеге асырылады», - деді Н.Ахметжанова.

Жұмыс берушілер қатарында қалалық мекемелер, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазпошта» сияқты компаниялар және екінші деңгейлі банктер көп. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларындағы мамандықтарды таныстырып, бос жұмыс орындарын ұсынды және келген азаматтар арқылы өздеріне ең қолайлы үміткерлердің базасын қалыптастыруға мүмкіндік алды. Жұмыс іздеушілер компаниялардың HR-менеджерлерімен тікелей тілдесіп, сұхбаттасып, қызықтырған сұрақтарын қойды.