Астанада ерекше жандарға арналған фестиваль ұйымдастырылды
Елордада «Ерекше адамдар - ерекше мүмкіндіктер» фестивалі өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Астана қаласының орталық паркінің амфитеатрында Қала күніне арналған іс-шаралар аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мереке ұйымдастырылды. Бұл фестиваль ерекше балалар мен олардың ата-аналарына қолдау көрсетуге арналды. Сондай-ақ олардың оқшаулануды жеңіп, әлеуметтік дағдыларды меңгеруіне жәрдемдесуді мақсат етті.
Фестивальді Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледжі қалалық әкімшіліктің және «Бақытты отбасы» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырды.
«Бүгінгі фестивалімізде әншілер ән шырқап, студенттер спектакль көрсетеді, кішкентайларға арналған крио шоуымыз да бар. Осы іс-шараның бас ұйымдастырушысы болып отырған Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғарғы колледждің басшылығына, сондай-ақ 1-курс студенттерінен «Dream tim» деп аталатын мықты топты жинақтаған, колледжіміздің ағылшын тілі мұғалімі Үміт Тельманға ризашылығымыз ерекше. Біз биыл аталған колледждің 1-курсын тәмамдадық. Бұл - біздің алғашқы рет ұйымдастырып отырған көлемді іс-шарамыз. Өз күшімізбен демеуші іздеп, фестивальдің локациясын, сценарийін жаздық. Сонымен қатар, бізге осындай ауқымды мерекені ұйымдастыруға көмек қолын созған демеушілерімізге алғысымыз шексіз» , - деді фестиваль жүргізушісі, колледж студенті Камила Битакаева.
Фестиваль бағдарламасы «Кедергілерді жеңу: шектеусіз өмір» панельдік сессиясы, «Жасыл шаһардың сиқыршысы» инклюзивті қойылымы және бүкіл отбасы үшін ашық алаңда ұйымдастырылған ойын-сауықтарды қамтыды.
Фестивальді инклюзия арқылы ерекше жандардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған «Особые праздники» қоғамдық қорының мүшесі, әнші Валерия Хан «Астана» әнімен ашты.
«Бүгін мен фестивальдің шымылдығын «Астана» әнімен аштым. Ерекше жандарға арналған ауқымды іс-шараға «Особые праздники» қоғамдық қорының мүшесі ретінде қатысып отырмын.
Алғашқы жеке концертімді ұйымдастырған да осы қор болатын. Мен 2022 жылы музыка мектебін тәмамдаған соң «Шабыт» ұлттық өнер университетіне оқуға түскен едім. Өз еліміздегі, сондай-ақ Ресей, Чехословакия сияқты елдерде көптеген конкурстарға қатыстым. Оның ішінде «Шабыт - мерей» , «Свободная птица» байқаулары ерекше есімде қалды. «Мама» , «Болашағым» , «Книги» сияқты белгілі композиторлар маған арнап жазған авторлық әндерім де бар. Бүгінгі орындауымдағы «Астана» әні де - Нартай Алтай мен Олжас Отар сияқты таланттардың туындысы.
Бүгінгі фестивальге осылайша үлес қосып отырғаныма қуаныштымын», - деді әнші Валерия Хан.
Фестиваль био көгершіндердің ұшырылуымен аяқталады.