Астанада балабақша бүлдіршіндері арасында жол жүру ережесі бойынша байқау өтіп жатыр


Астанада балабақшалар арасында жол жүру ережесі бойынша “Брейн-ринг” байқауы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
“Дайындық барысында сценарий бойынша қыз бала гидроскутер айдауы керек болған. Оны 5 балаға үйретуге тырыстық. Гидроскутерді айдауда тепе-теңдікті ұстау қиын болғандықтан, балалар үйрену кезінде қиналды. Осы баланың ішінен тек бір ұл ғана үш күнде толық айдап, емін-еркін жүруді үйреніп алды, оның жасы - 5-те. Ол гидроскутерге бірінші рет мініп тұр екен. Дайындық ашық алаңда дене шынықтыру педагогтерінің қатысуымен өтті. Өздеріңізге мәлім, қазір балалар қалада мопед, самокат, велосипед, гидроскутер айдауға қызығады. Алайда оны айдауда жол ережесін білмегендіктен, жол апаты көп болып жатыр. Сондықтан гидроскутерде жол ережесін сақтауды үйрету біздің мақсатымыз болды”, - деді байқауға қатысушы, балабақша тәрбиешісі, педагог-модератор Динара Ермахан.
Байқауды Білім басқармасы, Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қолдауымен Әдістемелік орталық пен “Астана дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырып отыр.
“Бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Байқаудың мақсаты - балалардың жол жүру ережелеріне қатысты білімін кеңейту, педагогтердің кәсіби шеберліктерін арттыру. Оған педагогтер мен тәрбиеленушілер қатысып жатыр”, - деді №54 "Нұрай” балабақшасының әдіскері Әлия Талипова.
Әдіскердің айтуынша, бүгінгі байқау үш кезеңнен тұрады.
“Бірінші кезең - “Армысың балақай!”. Мұнда балалар топты таныстырады. Музыкалық сүйемелдеумен топтың атын, ұранын, эмблемасын және үстіне киген формаларын қорғайды. Бұларды олар 3 минутта айтып шығуы қажет. “Сен білесің бе?” деп аталатын екінші кезеңде жол жүру ережесі, жол белгілеріне арналған сұрақ-жауап викторинасы болады. Оған команда капитандары қатысады. Соңғысы - сюжетті-рөлді ойын. Балалар “Жолда жүру ережесін сақтаймыз”, “Бағдаршам”, “Қауіпсіздік аралы” тақырыптарында сахналық қойылымдар арқылы білімін көрсетеді”, - деді Әлия Сапарқызы.
Байқау жеңімпаздарын Астана қаласы Білім басқармасы, Полиция департаменті және Әдістемелік орталық өкілдерінен құралған қазылар алқасы анықтайды.
“Мұнда командалардың жол ережесі, жолдағы қауіпсіздік тақырыптары бойынша қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беруіне, көріністердің сюжеттік мағынасына, сапасына баса назар аударып отырмыз. Балалар жарысқа өте жақсы дайындықпен келген. Сондықтан оларды бағалау жағынан аздап қиналып жатырмыз”, - деді Астана қаласы Әдістемелік орталығының арнайы және инклюзивті білім беру бөлімінің әдіскері Айжан Каримова.
Жеңімпаз балабақшалар бас жүлде, I, II, III дәрежелі дипломдармен, тәрбиеленушілер грамоталармен, педагогтер сертификаттармен марапатталады.