00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астанада ауқымды суреттер байқауы өтіп жатыр

19 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Астанада ауқымды суреттер байқауы өтіп жатыр
Фото: Василий Крась

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында елордалық мектептерде 5-7-сынып оқушылары арасында «Экология балалардың көзімен» тақырыбында суреттер байқауы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Конкурсқа қатысушылар өз шығармашылығы арқылы Қазақстан экологиясының болашағы туралы идеялары мен көзқарастарын білдіре алады. Үздік жұмыстар қала мектептері оқушыларының еңбектері ұсынылатын қалалық кезеңге қатысады. Қорытындысы бойынша жеңімпаздар грамоталармен және сыйлықтармен марапатталады.

«Экологиялық жоба аясында оқушылар арасында шығармашылық байқау өткізілді. Оның мақсаты қоршаған орта үшін жауапкершілік сезімін нығайту болып саналады. Біз мектеп оқушыларында экологиялық сананы тәрбиелеуге ерекше назар аударамыз. Оларды тазалықты сақтау және халқымыздың дәстүрлерін зерделеу бойынша түрлі іс-шараларға белсенді тартамыз», - деді №32 мектеп-гимназия директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бекайдар Шалахаев.

Сонымен қатар мектеп байқауына жоғары сынып оқушылары қатысты. Мұндай бастама «Таза Қазақстан» жобасының мақсаттарын іске асыруда өскелең ұрпақты тартуға мүмкіндік береді.

«Елімізде экологияға көп көңіл бөлінгеніне қуаныштымын, бұл тұрақты даму үшін өте маңызды. Жоба экологияның маңыздылығын түсінуді шығармашылық арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мені қуантады. Мен өз жұмысымда «Таза Қазақстан» акциясына өз қолдауымды білдірдім», - деді мектеп оқушысы әрі конкурсқа қатысушы Станислав Вовченко.

Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізілуде.