Елордада су тасқынына қарсы белсенді жұмыстар жалғасады
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елорда әкімі қыс басталғалы коммуналдық қызметтер 4,5 млн текше метрден астам қар шығарғанын айтты.
«Қазіргі уақытта жыл басынан бері арық-науа желісінің 11,5 мың погонды метрі тазартылды, 8 640 погонды метр коллекторлар, 428 бақылау және жаңбыр қабылдау құдығы жуылды, станциялардағы бірнеше сорғы жабдығы ауыстырылды.
Сол сияқты Есіл өзенінің арнасына реконструкциялау (су реттейтін бөгет, 5-кезек) жүргізілді, нөсерлі кәріз жүйелеріне заңсыз қосылуды анықтау бойынша жұмыстар істеліп жатыр және жеке тұрғын үй секторларында рейдтер жүруде», - деді Ж.Қасымбек.
Сондай-ақ ол азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер және т.б. тұрақты дайындықта екенін айтты. Елді мекендер мен су тасқыны қаупі бар учаскелерге, су өткізу құрылыстарын тазартуға, нөсерлі кәріз жүйелерін салуға ерекше назар аударылып отыр.