Елімізде тұрғын үй 20 пайызға қымбаттай ма: Роман Скляр жауап берді


Бүгін Үкімет үйінде Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«2026 жылдан бастап қосылған құн салығы 16 пайыз болады. Осыған байланысты халық арасында «тұрғын үй бағасы 20 пайызға қымбаттайды» деген түсінік бар. Бұл қаншалықты рас?»,- деп сұрақ қойды БАҚ өкілі.
Роман Склярдың сөзінше, жаңа салық кодексі қарапайым халыққа әсер етпейді.
«Биыл Қазақстанда 19 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бізде тұрғын үйдің құны нарықтық әдіспен реттеледі. Бүгінде эконом-класстағы тұрғын үйдің бағасы қымбат емес. Сондықтан бағаның күрт өсуі байқалмайды. Жаңа салық кодексін қабылдауда ірі құрылыс компанияларының көбірек пайда табу мақсатындағы тәжірибесі артта қалады. Әрине, олар салық төлеген кезде өздеріне пайда аз тиеді. Ал мемлекет әлеуметтік мақсатта салынатын тұрғын үйлердің бағасын реттейді»,- деп жауап берді Роман Скляр.



