Елордада 125 жас сарбаз әскери ант қабылдады

Бүгін, 13:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада 125 жас сарбаз әскери ант қабылдады
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Астанадағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметке жаңадан шақырылған жас сарбаздардың салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бұл – олардың әскери өміріндегі алғашқы маңызды кезең ғана емес, сондай-ақ Отанды қорғау жолындағы жоғары жауапкершіліктің символына айналды.

Биыл әскери бөлімге Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қостанай және Павлодар облыстарынан 125 жас сарбаз келіп қосылды. Мемлекеттік Әнұран үнімен ата-аналарының, ардагерлер мен командирлердің алдында олар әскери борышын адал атқаруға салтанатты түрде ант берді.

Әскери бөлім командирі, полковник Ерлан Боранбаев өз сөзінде әскери анттың Отан қорғаушы болуға бастайтын қасиетті жол екенін атап өтті:  

«Бүгіннен бастап сіздер – Ұлттық ұланның сарбаздарысыздар. Сіздер халық, ата-ана және ар-ұждан алдында адал болуға ант бердіңіздер. Тәртіп, адалдық пен ерлік – бұл жай ғана сөздер емес, бұл – сіздердің қызметтеріңіздің мәні».

Қатардағы Расул Сапарбек шырқаған «Ана» әні ерекше әсерге бөледі. Әсіресе баласын әскерге шығарып салған аналардың жүрегін тербеді.

«Құқықтық тәртіп әскеріндегі қызмет – бұл өмір мектебі. Әрқайсыңыздың өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, нағыз жауынгер ретінде шыңдалып шығатыныңызға сенемін», - деді оқу пунктінің бастығы, подполковник Бақтияр Әубәкіров.  

Іс-шара соңында 2025 жылдың 1-шақырылымындағы сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілім өткізді. Сонымен қатар Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі ерекше атап өтуге тұрарлық. Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін сарбаздар мен ата-аналар естелік суретке түсті.