«Әйел медициналық мекемеде есепте тұр»: Павлодарлық әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен

30 шілде, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Әйел медициналық мекемеде есепте тұр»: Павлодарлық әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен
фото: Оңалхан Өнерхан

Криминальный Казахстан телеграм арнасының мәліметінше, әйел 5-қабаттың терезесінен екі баланы лақтырып жіберіп, артынан өзі секіріп кеткен, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл оқиға туралы жедел жәрдемге өтіп бара жатқан адам хабарлаған.

Павлодар қалалық Денсаулық сақтау басқармасы әйел мен оның екі баласының жағдайы туралы айтты. Зардап шеккен балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

«2024 жылы туған бала клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Қабылдау бөлімінде реанимациялық шаралар жүргізілді, кейін жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы өте ауыр, үшінші дәрежелі жарақаттық шок. Ес деңгейі бойынша кома 3 деңгейінде, кең көлемді бас-ми жарақаты, бас сүйектерінің көп жерден сынуы, миға зақым келуі, ішкі ағзалардың контузиясы байқалады»,- делінген басқарма хабарламасында.

Ал 2017 жылы туған балада жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, жамбас сүйектерінің сынуы, ішкі ағзалардың зақымдалуы анықталды. Оның да жағдайы ауыр деп бағаланды, жансақтау бөліміне жатқызылды. Бүгінде барлық қажетті емдік және диагностикалық шаралар жүргізіліп жатыр.

Басқарма мәліметінше, балалардың анасының да жағдайы ауыр.

«1991 жылы туған әйел есін біледі, жағдайы ауыр деп бағаланады. Онда жабық бас-ми жарақаты және аяқ-қол сүйектерінің сынуы анықталды. Қазір ол жансақтау бөлімінде және оған қарқынды терапия жүргізіліп жатыр»,- делінген хабарламада.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әйел арнайы медициналық мекемеде есепте тұрған.

«30 шілдеде Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетова көшесіндегі төртінші мен бесінші қабаттардың аралығында орналасқан подъезд терезесінен екі кәмелетке толмаған бала мен бір әйел құлап түскені анықталды. Жәбірленушілер подъездің кіреберіс шатырына құлаған. Оқиғаға қатысты адам өлтіруге оқталу және өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.Оқиғаның себептері мен жағдайлары тергеу барысында анықталатын болады»,- делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі таңда оқиға орнында тергеу-оперативтік топ жұмыс істеп жатыр.