Джей Лоның концерті: Жанжал шығарған әйел полицейдің жары болып шықты


Астанадағы Дженнифер Лопестің концертінде жанжал шығарып, соңында полиция қызметкерлері көтеріп алып шыққан әйелдің үстінен іс қозғалды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Дженнифер Лопес концерті кезінде болған оқиғаның видеосы тарап кетті. Онда көрермендердің бірін полиция қызметкерлері көтеріп алып шыққаны көрсетілген. Кейіннен бейнежазбадағы әйел адамның Павлодар облысы ПД бастығының орынбасарының жұбайы екені жөнінде ақпарат тарады.
Бұл жағдайға қатысты Астана қаласының Полиция департаменті пікір білдірді.
«Астана Аренада» өткен концерт барысында қоғамдық тәртіпті бұзған әйелдің қатысуымен оқиға орын алды. Жанжалды тоқтату мақсатында полиция қызметкерлері аталған азаматшаны іс-шара аумағынан шығарып жіберді. Тексеру нәтижесінде қылмыстық іс қозғалды»,- делінген хабарламада.
Сонымен қатар қалалық полиция аталған азаматшаның Ішкі істер органдары қызметкерінің жұбайы екенін растады.
«Алайда бұл факт оның әрекеттеріне құқықтық баға беруге әсер етпейді. Полиция барлық азаматтардың заң алдында тең екенін ерекше атап өтеді. Ішкі істер органының қызметкерінің туысы болу ешқандай артықшылық бермейді. Қылмыстық істің тергелуі полиция департаментінің бақылауында»,- делінген хабарламада.