Ауыл әкімдерінің сайлауы қалай өтті?

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ауыл әкімдерінің сайлауы қалай өтті?
ашық дереккөз

Еліміз бойынша әкімдер ең көп сайланған аймақ – Ақмола облысы. Кент, ауыл, ауылдық округтердің 95 әкімін сайлауға халықтың 75,7 пайызы белсенділік танытыпты. Nur Otan ұсынған 76 үміткердің 74-і, Қазақстан халық партиясының 6 үміткерінің 3-уі, «ақ жолдықтардың» 5 үміткерінің 2-уі, Adal партия­сы мен «Ауылдың» бір-бірден үміткерлері жеңіске жеткен. 96 әкімнің 50-і қайта сайланғандар, 14-і – мемлекеттік қызметшілер, 13-і – бюджет саласының қызметкерлері, 1-уі – коммерциялық құрылымның өкілі. Қайта сайланған әкімдердің 15-і – әйелдер. Өңірдегі ең жас әкім – 29 жаста, ең егдесі – 62 жаста. Ақтөбе облысында сайлау бюллетеньдеріне 105 адамның есімі енгізілген. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Есет Шәңгереев сайлаушылардың 79 пайызы белсенділік танытып, дауыс бергенін хабарлады. Нәтижесінде Nur Otan партиясынан – 28, «Ауылдан» – 2, «Ақ жол», Adal партия­сы және Қазақстан халық партиясынан бір-бір адам әкім болған. Өзін-өзі ұсынғандардың арасынан 2 адам жеңіске жетіпті. Бұл аймақта ең жас әкім 26 жаста. Алматы облысының сайлаушылары 16 аудан мен 1 қалада 71 әкімді сайлады. Сайлау бюллетеньдеріне 235 үміткердің тізімі енгізілді. Бұл додада ең үлкен бәсеке Талғардағы Бесқарағай ауылының әкімі лауазымына таласқан 6 адамның арасында жүрді. Облыс сайлаушыларының 67,5 пайызы дауыс берді. Сайланған әкімдердің 60-ын саяси партиялар ұсынса, 11-і – өзін-өзі ұсынғандар. Бұл өңірде де мемлекеттік қызметшілердің үлесі басым, 71 әкімнің 53-і – мемлекеттік қызметшілер, соның ішінде, 39-ы – әкімдер. 71 әкімнің 40-ы жергілікті жерде тұратындар. Атыраулық сайлаушылар тізіміне 44 305 адам кірген. Соның ішінде, 32 981-і дауыс беріп, халықтың 74,4 пайызы өз таңдауын жасады. 52 адам әкімдікке үміткер болды. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманақұмовтың айтуынша, сайланған әкімдердің 18-і Nur Otan партиясынан, біреуі Adal партия­сының өкілі. Шығыс Қазақстандағы 77 сайлау округінде кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Округтер бойынша сайлаушылар тізіміне 111 мыңнан астам адам енгізілген. Соның ішінде, 101 мыңнан аса сайлаушы өз таңдау­ын жасаған, дауыс беруге келу көрсеткіші – 90,9 пайыз. Халық сайлаған 77 әкімнің 60-ы – Nur Otan партиясынан, 11-і – «Ауыл», 2-уі – Adal партия­сының өкілі. «Ақ жол» мен Қазақстан халық партиясының бір-бірден өкілі жеңіске жеткен. Өзін-өзі ұсынған 2 адам әкім болып сайланды. Жамбылдық сайлаушылардың келуі 90,66 пайызды құрапты. Барлығы 38 округте 111 үміткер тізімге ұсынылды. 89 сайлау учаскесінде 651 қоғамдық бірлестік, саяси партиялар, коммерциялық емес ұйымдар және БАҚ өкілдері бақылаушы болып, жұмыс істеді. Өңірде сайланған 38 әкімнің 13-і – бұған дейін әкім болғандар. Сайланған әкімдердің арасында экономист, заңгерлер көп. Жаңа әкімдердің 31-і – Nur Otan партиясынан, қалған төрт партияның бір-бірден үміткері өтті және 3 өзін-өзі ұсынған адам әкім болды. Батыс Қазақстан облысында 31 сайлау округінде саяси дода тартысты өтті. Сайлаушылардың 81 пайызы дауыс берді. Қайта сайланған 31 әкімнің 23-і – мемлекеттік қызметшілер, 5 адам бюджеттік, 3 адам коммерциялық құрылымның өкілдері. Жаңадан сайланған әкімдердің орташа жасы – 45. 31 әкімнің 24-і – Nur Otan партиясынан, 1-уі «Ауыл» және 1-уі – ЖСДП-ның өкілі. Өзін-өзі ұсынған 7 адам жеңісін тойлады. Қарағанды облысының 75 округінде сайлау сәтті өтті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов сайлаушылардың келуі 76 пайызды құрағанын хабарлады. Ауылдардағы 81 мың сайлаушының 62 мыңы өз таңдауын жасаған. Бюллетендерге енгізілген 257 үміткердің ішінен 75 адам әкім болып сайланды. Олардың 61-і – саяси партиялардың өкілі, бұл сайлауда Nur Otan партиясынан – 56, «Ауылдың» – 3, «Ақ жол» мен Adal партия­сынан – 1 үміткері жеңіске жетті. Қалған жаңадан сайланған 14 әкім – өзін-өзі ұсынғандар. Қостанай облысында сайлауға халықтың 84,4 пайызы қатысып, дауыс берген. Мұнда жеңгендердің арасында өзін-өзі ұсынған 7 адам бар. Сайланған 65 әкімнің 52-сі – Nur Otan партиясынан, 2-уі – «Ақ жол», 2-уі – Adal партия­сынан, 2-уі – «Ауыл» партиясының өкілдері. 65-тің 46-сі қайта сайланғандар, 56-сы – мемлекеттік қызметшілер. Қызылорда облысында ауа райының 43С аптап ыстық болғанынан қарамастан, тұрғындардың 83,5 пайызы белсенді дауыс берді. Нәтижесінде Nur Otan партиясынан – 30, «Ауылдан» – 2, Adal партия­сы – 2, Қазақстан халық партиясынан – 1 үміткер жеңіске жетті. Өзін-өзі ұсынған 5 азамат әкімдік тізгінді қолына алды. Маңғыстауда сайлаушылардың келуі 82,4 пайызды құрады. Сайланған 10 әкімнің 7-уі – мемлекеттік қызметшілер. Жаңа әкімдердің орташа жасы 41, ең жасы 26-да, ең егдесі 60-та. Павлодарда 2 ауыл мен 42 ауылдық округ халқының 76,9 пайызы қатысқан. Халық сайлаған 44 әкімнің 34-і – Nur Otan партия­сынан, өңірде «Ауыл» ұсынған 2 үміткердің бағы жанды, «Ақ жол» мен Adal партия­сы бір-бір үміткері жеңісін тойлады. Өзі-өзі ұсынған 6 адам әкім болды. Сайланғандардың 7-уі – нәзік жандылар. Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындары 71 әкімді сайлады. Nur Otan партиясынан ұсынылған – 55, Қазақстан халық партиясынан – 3, «Ауылдан» – 3, «Ақ жолдан» – 2, Adal партия­сынан – 1 үміткер әкім болды. Өзін-өзі ұсынған 146 адамның 7-уі жеңіске жетті. 42 әкім қайта сайланып, өзінің орнын сақтап қалды. Түркістан облысында ауыл халқының 79 пайызы дауыс берді. Халық 166 адамның арасынан 60 әкімді таңдады. Соның ішіндегі 43-і – саяси партиялардың өкілдері.

Төлен Тілеубай