Қолдан жасалған вакцинация паспортын алу жансақтау бөліміне билет сатып алумен тең - маман

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қолдан жасалған вакцинация паспортын алу жансақтау бөліміне билет сатып алумен тең - маман
ашық дереккөз

«Вакцинация паспортын қолдан жасап, сату деген өте қиын жағдай. Халықтың да, соны істеп жүрген азаматтардың да жасап жатқан қылмысы - адамзатқа қарсы қылмыс. Өйткені қолдан жасалған паспорт алған адам - ол өзіне жансақтау бөліміне билет сатып алған адам ғой. Сондықтан да бұған қарсы тұру үшін қазір құқық қорғау жүйесі жұмыс істеп жатыр. Олар тергеу жұмыстарын жүргізіп, кейбір мәселелерді анықтау үстінде. Құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын аяқтағаннан кейін осы фактілер жайлы бәрімізге айтады», - деді Мұратов «Елордадағы эпидемиологиялық жағдай» туралы брифингте.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пралиева ковидті жұқтырған адамдардың жасын атады. «Індет жұқтырғандардың 80 пайызы - ересектер, 2,7 пайызы  - жасөспірімдер, 16,6 пайызы - балалар. Науқастар арасында 18-29 жас аралығындағы адамдар саны - 16,2 пайыз, 30-39 жас аралығындағылар саны - 22,6 пайыз, 40-49 жас аралығындағы адамдар саны - 13,9 пайыз, 50-59 жас аралығындағылар саны - 14,1 пайыз, 60 және одан жоғары жастағы адамдар саны - 13,7 пайыз. Қазір белсенді ошақтар саны 4 585-ті құрайды. Оның ішінде үйдегі ошақтар саны - 2 871. Науқастармен байланыста болғандар саны - 3 122», - деді Пралиева. Бұған дейін елорданың инфекциялық стационарларындағы жүктеме 72%-ды құрағанын және Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем шақыратындар саны артқанын хабарлаған едік.