Елордалық автопарктің автобустарына дезинфекциялау жұмысы жүргізілді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалық автопарктің автобустарына дезинфекциялау жұмысы жүргізілді
ашық дереккөз

Елордада 46 қала ішінде, 24 қала сыртына қатынайтын маршрут №1 автобус паркіне қарайды. Күнделікті 530 автобус шығып, 500 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді.

«Автопаркіміздің қала бойынша төрт орны бар. Қарамағымыздағы 778 автобус жұртшылыққа қызмет етеді. Дәл қазір біз тұрған негізгі кеңседе автобус жуатын екі орын бар. Мұнда күніне 300-ге жуық қоғамдық көлік жуылады. Жуылғаннан кейін міндетті түрлі дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Яғни әр автобус күніне бір рет жуылып, бір рет өңдеуден өтеді. Осыған дейін автобустар жексенбі күндері ғана тоқтатылып, дезинфекцияланатын. Енді осы аптадан бастап елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес өңдеу жұмысы сенбі, жексекбі күндері жүргізілетін болады», - дейді «№1 автобус паркі» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Тілеуберген.

Басқарма төрағасы сөзін жалғай отырып, дезинфекция жұмысын автопарктің арнайы оқудан өткен мамандары жүргізетінін мәлім етті.

«Дезинфекция жұмысын автопарктің, яғни өзіміздің сертификатталған мамандарымыз жүргізеді. Оларды арнайы оқытып, сынақтан өткіздік. Ал өңдеу жұмысына адам денсаулығына зияны жоқ, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, ауруханаларда қолданылатын ерітінді пайдаланылады. Дезинфекция қоры жеткілікті», - дейді №1 автопарк басшысы.

Автопарктің ережесі бойынша қоғамдық көліктер жуылып болған соң ғана дезинфекциялық өңдеу жасалады. №1 автобус паркінде арнайы оқудан өткен 10 дезинфектор жұмыс істейді.

«Бұл автопаркте жұмыс істегеніме 13 жылдан асып кетті. Бастапқыда кондуктор қызметін атқарғанмын. Цифрлық заманның ағымына қарай кондуктор қызметі тоқтағаннан кейін дезинфекторлыққа ауыстым. Жаңа мамандық болғаннан кейін тиісінше оқудан өттік. Қолымызда арнайы сертификатымыз бар. Жұмысым негізінен 19:00-де басталып, соңғы автобусты дезинфекция жасағанға дейін жалғасады. Екі күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз», - дейді №1 автопарктің дезинфекторы Райхангүл Әбдікерова.

Ол сөзін жалғай отырып, кондуктор қызметіне қарағанда дезинфектор жұмысы өзіне ыңғайлы екенін тілге тиек етіп өтті. Айтуынша екі жұмыстың жалақысында да айырмашылық жоқ екен. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында өткен тәулікте 1547 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды.