Елорда әуежайы әуе кемелерін тазалауды өз мойнына алды
Әуе кемелерін жинау, тазалау жұмыстарымен Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайының қызмет көрсетуші персоналы айналысатын болады. Қызметкерлердің еңбегін әуе компаниялары төлейді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. "Бірнеше жыл бойы ұшақтарды тазалаумен жеке компания айналысқан, биыл біз жұмысты өз қолымызға алдық. Бізде терминалды тазалаумен айналысатын өз қызметкерлеріміз бар. Карантинге байланысты бізде әуе кемелерін тазалауға көшу мүмкіндігі пайда болды. Осы мақсатта штатты кеңейтпедік, қызмет көрсетуші персоналды ұшақтарды жинауға тарттық", — деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов. Оның айтуынша, бекітілген тариф бойынша тікелей авиакомпаниялардың өздері жұмысшылардың еңбегіне ақы төлейтін болады. Сонымен қатар, әуе кемелерін тазалау әуежайға қосымша табыс әкеледі.