Ақмарал Науатбек: Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналыссаң, мотивация алу қиын емес
2024 жылы Ақмарал Науатбек парадзюдодан Париж Паралимпиадасында алтын медальді жеңіп алып, ел тарихында алғашқы чемпион атанды. Осы орайда демалыста жүрген спортшымыз Elordainfo.kz сайтына алдағы жоспарымен бөлісті.
- Парадзюдодан ұлттық құрамның мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
Парадзюдодан ұлттық құрамамыздың қуаты мықты. Оның бір дәлелі – 2025 жылы мамыр айында Астанада парадзюдодан әлем чемпионатын қабылдауы. Өздеріңіз білетіндей, Халықаралық дзюдо федерациясы кез келген елге маңыздылығы жоғары бәсекені бере бермейді. Алдымен әлемде өзіңнің орныңды дәлелдеуің керексің. Әсіресе, Париж Паралимпиадасынан кейін қоғамның назары бізге ауып, БАҚ беттерінде көптеген ақпараттар жарияланды. Бірақ ірі жеңістеріміз әлі алда деп есептеймін.
- 2024 жылы Париж Паралимпиадасында 48 келі салмақта чемпион атандыңыз. Енді салмақтар өзгеріп, 52 келіде өнер көрсетуге тиіссіз. Осы орайда жаңа салмаққа үйренуге біршама уақыт кете ме?
Иә, мамыр айындағы әлем чемпионатына 5 ай уақыт қалды. Оған дейін жаңа салмаққа бейімделіп кетемін деп ойлаймын. Салмақ ауыстыру оңай емес. Бастысы, физикалық тұрғыдан дайын болу керек. Себебі, техникалық жағы онсыз да бар. Енді басты қарсыластарымды зерттеп, жеңістің кілтін табуға тырысамын.
- Кез келген спортшының арманы – Олимп шыңын бағындыру. Сіз бұл мақсатқа жеттіңіз. Еліміздің атынан алғашқы әлем чемпионы, Азия параойындарының чемпионы сынды атаққа қол жеткіздіңіз. Сізді осы спорт жолын одан әрі жалғастыруға не жігерлендіреді?
Армансыз адам болмайды. Менің мақсатым – Қазақстан парадзюдосы әлемде үздіктердің қатарында тұрақты болса деймін. Сондықтан денсаулығым мүмкіндік беріп тұрғанда, өз күресіммен жоғары жетістіктерге ұмтылуымды жалғастыра бермекпін. Парадзюдодан ел тарихын одан әрі жаңарта бергім келеді. Өзімнің тәжірибемді ұлттық құрамадағы әріптестеріме бөлісіп, жеңіске жетуіне үлес қоспақпын. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналыссаң, мотивация алу қиын емес. Париж Паралимпиадасынан кейін 2-3 ай демалдық. Бұл аралықта татамиді сағындым. Енді қайта Паралимпиаданың алдындағыдай жеңіске аш болып, жаттығуға кірісемін.
- Сұхбатыңызға рақмет!