Астанада шаңғы маусымының ашылуына 300-ге жуық адам қатысты
Бүгін елордамыздың көрікті жері – Орталық саябақта шаңғы тебу маусымы ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шаңғы жарысы бірнеше жас ерекшеліктері бойынша 500 метр және 2,5 км қашықтықта өтті.
«Биылғы қыс шаңғы жарысын өткізуге өте ыңғайлы. Шаңғы маусымының ашылуын осы уақытқа жоспарлаған себебіміз – ауа райына байланысты. Тағы да айтарымыз, қардың қалыңдығы шаңғы жолын жоғары деңгейде жасауға мүмкіндік беріп отыр. Шаңғы – қысқы спорттардың арасында ең танымалдарының бірі. Астанамызда шаңғы спортымен айналысатын адамдардың саны өте көп. Бүгін де шаңғы маусымының ашылуына еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін қатысып жатыр. Ең қарт қатысушымыздың жасы 83 жаста. Шаңғы жарысынан бөлек, шаңғы маусымының ашылуында белбеу күресі, қол күресі, арқан тартыс, гір тасын көтеру бәсекесінен сайыс ұйымдастырылды», - деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек.
Бүгінгі шаңғы маусымында қатысушылар 7 жас санаты бойынша сынға түсті.
«Шаңғы маусымындағы адамның көптігі жақсы әсер сыйлайды. Өзім жүзумен айналысамын. Ал қысқы мезгілде шаңғыға ден қойдым. Бір жылдан бері шұғылданғанымның арқасында төзімділігімді арттырдым. Спорттағы жетістігім өмірге де септігін тигізетініне сенімдімін», - деді шаңғы маусымының ең жас қатысушыларының бірі, 9 жастағы Кеңшілік Ахмат.
Спорттық шараның соңында әр жас шамасына қарай жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.