Мәулен Әшімбаев жас параспортшыларымен кездесті
Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев федерация спортшыларымен және жаттықтырушы құраммен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сұхбат кезінде биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2025 жылға жоспарланған жарыстарға дайындық барысы және алдағы маңызды міндеттер талқыланды.
Мәулен Әшімбаев боччаны серік еткен жас спортшыларға ілтипат білдіре келіп, олардың осы жылда өткен жарыстарда шеберлік танытқанын және атлеттердің табандылығы мен жоғары деңгейдегі ерік-жігерін айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құруға баса мән беріп, тиісті органдарға нақты міндеттер жүктегенін тілге тиек етті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инклюзивті қоғам құруды және Әділетті Қазақстан қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде белгілеп берді. Осы ретте боччаны дамыту елімізде ынтымақтастық, өзара түсіністік және инклюзия мәдениетін қалыптастыру жолындағы озық үлгілердің бірі екені анық. Боччаның паралимпиадалық спорт түрі екенін ескерсек, біздің параатлеттеріміз үшін алдағы уақытта әлемдік ірі сайыстарға қатысуға мүмкіндік мол. Сіздердің табандылықтарыңыз бен ерік-жігерлеріңіз әрдайым жарқын жеңістерге жетелейді сенемін», – деді Сенат спикері.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, отандық параспортшылардың іргелі жарыстардағы жеңістерінің арқасында өтіп бара жатқан жыл табысты болды.
Атап айтқанда, биыл боччадан ашық республикалық турнир, Қазақстан чемпионаты мен ел кубогы үшін жарыстар және бірнеше маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілер ресми аттестациялаудан өткізілді. Бұл спортшыларды халықаралық стандарттар бойынша жаттықтыруға жол ашады. Одан бөлек, боччадан ұлттық құраманың құрамы жаңартылды.