00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астанада Фариза Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына арналған республикалық конференция өтті

26 желтоқсан, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
Астанада Фариза Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына арналған республикалық конференция өтті
Фото: Сұлтан Сейіт

Бүгін елордадағы Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында халық жазушысы, қоғам қайраткері Ф.Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына арналған «Ф.Оңғарсынова шығармашылығы: ұлт руханиятына қосқан үлесі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Конференцияға келген құрметті қонақтар алдымен Фариза Оңғарсынованың құрметіне жасалған барельефтің ашылуына қатысты.

Әрі қарай мектеп оқушылары «Фаризатану» кабинетінде ақынның өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашып, қарсы алды. Сонымен қатар мерейтойға орай ақынның отбасы тарту еткен киіз үй таныстырылды.

Конференция алдында «Әйел атты ұлылық!» әдеби-музыкалық қойылым ұсынылды. Қойылымда ақынның балалық шағы, алғашқы махаббат пен адал жүректің айнымас серті, асқақ болмысы көрсетілді. Онда мектеп ұстаздары мен оқушылар өнер көрсетті.

Жиынға қатысқан Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназия ұжымы!

Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай өткізіліп отырған ғылыми-практикалық конференцияның ашылуымен құттықтаймын.

Ф.Оңғарсынова Отан, табиғат, бейбітшілік туралы іргелі әлеуметтік, азаматтық, қоғамдық ойлар толғады. Қазақ поэзиясына жаңа леп әкелді. Ақынның өлеңдері мектеп оқулықтарына еніп, балалар әдебиетінің дамуына жол ашты. Ақынның мерейтойы жалпыхалықтық тойдың жарқын үлгісі бола алды. Осынау айтулы іс-шараның осы мектепте өтуінің өзі де тегін емес. Білім мен тәрбие ошағындағы торқалы той баршамызға ортақ. Елімізге адал қызмет ететін, бар күш-жігерін халқына арнайтын жастар тәрбиелеудегі еңбектеріңізге береке, ұжымға бірлік пен шығармашылық табыс тілеймін», - деп жазылған министр құттықтауында.

Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектептерге ұлы тұлғалардың есімін беру маңызды екеніне тоқталып өтті.

«Қазір қалада 50-ден астам мектепке ұлы тұлғалардың есімін бердік. Мұндай шешім мектеп оқушыларына жақсы тәрбие береді деп ойлаймын. Мәселен бұл білім ошағында оқушылар Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқып жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына алғысымды білдіремін. Тек оқушылар ғана емес, ұстаздар да сахнаға шығып, өз шәкірттеріне үлгі көрсетіп жатыр», - деді басқарма басшысы.

Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, мектепте «Фаризатану» кабинеті жаңартылған.

«2022 жылы 6 мамырда біздің мектепке Фариза Оңғарсынованың аты берілді. Содан бері біз Фариза Оңғарсыноваға арналған екі қалалық және екі республикалық ауқымды іс-шара өткіздік. Биыл ақынның мерейтойына орай мектепте арнайы барельеф жасадық. Одан бөлек «Фаризатану» кабинеті жаңартылды. Ол ақынның өміріне байланысты негізгі 5 бөлімнен тұрады», - деді мектеп директоры.

Жиында «Ф.Оңғарсынова поэзиясы: нәзіктік пен қайсарлық», «Фариза поэзиясы: ұлттық мүдде және жаһандық бағытта зерттеу мәселелері», «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» және ұлттық құндылықтар бағыты туралы айтылды.

Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынға ақынның жақын туыстары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, Ф.Оңғарсынова туралы естеліктерін бөлісті.