Қызметтік иттердің көмегімен 40 келіден астам есірткі тәркіленді
Биыл Ішкі істер министрі Ұлттық ұланының кинолог мамандары мен олардың төртаяқты серіктері 100-ден астам із кесу оқиғасына қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, есірткі іздейтін қызметтік иттердің көмегімен 40 келіден астам есірткі табылды. Жарылғыш заттарды іздейтін төртаяқты жауынгерлік иттердің көмегімен салмағы 1,2 кг болатын жарылғыш затты, әртүрлі калибрлі 74 оқ-дәрі, 15 атыс және суық қару тәркіленді. 13 жағдайда іздестіру бойынша қызметтік иттер хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуде өз көмектерін көрсетті. Одан бөлек 81 қылмыс ашылып, 69 қоғамдық тәртіп бұзушы ұсталды.
Бұл оқиғалардың барлығы қызметтік иттерді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жедел қызметінде пайдаланудың маңыздылығы мен тиімділігін айғақтайды.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның қызметтік иттері 262 қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды өткізуде қолданылып, тергеу-жедел топтардың құрамында 207, бірлескен жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларда 153 тапсырма орындады. Ал есірткі іздестіру иттері қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бақылау-өткізу пункттерінде қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша 162 жағдайда және көлікті тексеру кезінде жарылғыш заттарды іздеу бойынша 283 жағдайда өз септігін тигізді.