Үкімет жыл соңына дейін ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 8 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтайды

Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шараларына арналған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы көлік-логистикалық кешенді дамытудың маңызды элементі саналатын шекарадағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын баса айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Премьер-министр қабылданған шаралардың нәтижесінде ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерінде өту уақыты 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарғанын атап өтті.
«Үкімет шекарадан өту рәсімдерінің барлығын жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Өткізу пукттерінде жылдамдық пен жайлылық стандартқа айналуға тиіс.
Қаржы министрлігіне Көлік министрлігімен, әкімдіктермен және Шекара қызметімен бірге жыл соңына дейін Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы 8 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауды тапсырамын»,— деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сонымен қатар кеден бекеттерінің айналасындағы инфрақұрылымды – қоймалар мен сервистік нысандарды дамыту қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ бүгінде сақтау, сұрыптау, тасымалдау және цифрлық сервистерге инвестиция салуға дайын инвесторлар қазірдің өзінде бар.
Сонымен қатар Премьер-министр Қаржы министрлігіне Көлік, Ауыл шаруашылығы, Цифрландыру министрліктерімен, Шекара қызметі және әкімдіктермен бірге осы инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.



