Жаңа оқу жылында дуальды оқумен қамтылған студенттер саны 27 мыңға артады

Бүгін, 14:14
Айман Нығмет Айман Нығмет
views71
Жаңа оқу жылында дуальды оқумен қамтылған студенттер саны 27 мыңға артады
фото: Оқу-ағарту министрлігі

2025-2026 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды оқумен қамтылған студенттер саны 135 мыңға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 мыңға көп, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Дуальды оқыту теориялық дайындықты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Оқу уақытының 60%-ын студенттер тікелей өндірісте өткізіп, сұранысқа ие мамандықтарды іс жүзінде меңгереді.

Бүгінде бұл жүйеге еліміздегі 552 колледжде 18 мыңнан астам кәсіпорын қатысады. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс, энергетика, IT және сервис саласындағы ірі компаниялар бар. Мұндай ынтымақтастық форматы студенттерге тәжірибелік машық береді, ал жұмыс берушілер үшін – өндірістің нақты сұранысына сай білікті кадрлар даярлауды қамтамасыз етеді.

«Дуальды оқытуды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған колледж түлектерінің 70%-дан астамы оқуын тәмамдаған соң бірден өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады», – дейді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Муханбетов.

2024 жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде дуальды оқыту форматында оқуын аяқтаған түлектер саны 30 мыңнан асты, олардың 71%-ы қазірдің өзінде жұмысқа орналасқан.

Жұмысшы мамандықтары жылы және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау аясында 2027 жылға қарай дуальды жүйемен оқитын студенттердің үлесі 50%-ға дейін өседі. Негізгі бастамалардың қатарында – Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп Халықаралық дуальды оқыту орталығын ашу, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП қолдауымен тәлімгерлік институтын дамыту бар.