Мемлекет басшысының барлық реформалары бір арнаға тоғысады – Асхат Аймағамбетов

Бүгін, 13:34
Айман Нығмет Айман Нығмет
views76
Мемлекет басшысының барлық реформалары бір арнаға тоғысады – Асхат Аймағамбетов
фото: instagram.com/aimagambetov

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында Президенттің бір палаталы Парламент құру туралы бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгінгі жолдау ерекше. Президент бір палаталы Парламентке көшу мәселесін референдумға шығару жөнінде айтты. Реформаның логикасы айқын: Қазақстан – унитарлы мемлекет, ал мұндай жағдайда біртұтас парламенттік құрылым тиімді және заман талабына толық жауап береді. Бұл қадам не береді?

  • депутаттардың және саяси партиялардың жауапкершілігі артады;
  • бюрократия азайып, заң қабылдау үдерісі жеделдейді;
  • қоғам алдындағы ашықтық пен есеп берушілік күшейеді;
  • парламенттің рөлін күшейту арқылы, халықтың даусын айқынырақ ете түседі»,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты Президенттің барлық реформалары бір арнаға тоғысатынын айтты.

«Егер «үлкен суретке» көз жүгіртсек, Мемлекет басшысының барлық реформалары бір арнаға тоғысатынын көреміз: Конституциялық Соттың құрылуы, әкімдерді сайлау тетігінің енгізілуі, саяси партияларды тіркеу тәртібінің жеңілдетілуі, әйелдер мен жастарға арналған квоталардың енгізілуі. Бұл – саяси алаңдағы бәсекелестікті арттыруға және мемлекеттік шешімдерді қабылдау жылдамдығы мен тиімділігін күшейтуге бағытталған курстың заңды жалғасы. Шын мәнінде, реформа азаматтардың саяси мәдениеті мен белсенділігі арта түскен қазіргі кезеңде уақыт талабынан туындап отыр.

Бұған дейін жүзеге асқан өзгерістер институционалды және қоғамдық алғышарттарды қалыптастырды.  Сол себепті бір палаталы әрі қарқынды жұмыс істейтін парламенттік үлгіге көшу – заңды әрі негізделген шешім»,- деді ол.

Асхат Аймағамбетов мемлекеттік шешімдерді халықтың өзі қабылдайтынын атап өтті.

«Президент тағы да өзінің негізгі қағидасын растады: ең маңызды мемлекеттік шешімдерді халықтың өзі қабылдайды. АЭС салу мәселесінде де, конституциялық реформада да дәл осылай болған. Маңыздысы, бір палаталы жүйеде «жауапкершіліктің бұлыңғырлығы» жойылады. Яғни саяси жауапкершілік айқынырақ әрі ашық болады, соның ішінде саяси партиялардың да.

Кейде Мәжіліске «фильтр» немесе «буфер» қажет деген уәж айтылады. Алайда конституциялық реформаның арқасында бұл функцияны бүгінде Конституциялық Сот атқарып отыр. Жаңа саяси архитектурада ол заңдардың Ата Заңға сәйкестігін бағалайтын басты элементіне айналады. Бұл – дәйекті, жүйелі, кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан маңызды қадам. Ол Парламенттің рөлін күшейту арқылы, халықтың даусын айқынырақ ете түседі»,- деп жазды мәжіліс депутаты.