Елордада есірткі заттарының жарнамасымен күрес жүріп жатыр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада есірткі заттарының жарнамасымен күрес жүріп жатыр
ашық дереккөз

Жарықтан жылдам тарайтын ақпараттық технологияның мүмкіндігін есірткі бизнесімен айналысушылар да өз кәдесіне жаратуда. Оларға қазір тұтынушы іздеп, көше кезудің қажеті шамалы. Өз тауарларын сатып алуға болатын сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалардың мекенжайын көзге көрінетін орындарға қалдырып қамсыз жүре береді. Әйтсе де мың асқанға бір тосқан. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұндай жарнамаларға бей-жай қарай алмайды. "Көбіне бізге тұрғындар есірткіні насихаттайтын сайттар мен әлеуметтік желідегі парақша туралы қалдырылған жарнаманың мекенжайын айтып хабарласып тұрады. Орталық тарапынан Полиция департаменті мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен акциялар ұйымдастырылып, жарнаманы өшіріп, оның орнына сенім телефондарын қалдырып кетеміз", – дейді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктісі Әл-Фараби Аймақ. [caption id="attachment_89553" align="alignnone" width="1280"] Фото: Василий Крась/Elorda Aqparat[/caption] Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының өкілдері де мұндай әрекетті жасайтындардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтады. Сондықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлері қабырғаларда күдікті жазуды байқаған кезде «102»-ге қоңырау шалуға кеңес береді. "Ғимараттар мен тұрғын үйлердің қабырғасына есірткі заттарын саудалайтын онлайн дүкендердің жарнамасын бейнелейтіндер қатаң жазаланады. Осындай әрекеті үшін қолға түскендердің кінәсі дәлелденсе олар 6 жылға дейін бас бостандығынан шектелуі мүмкін. Қазіргі таңда қалада есірткі саудасының көрнекі жарнамасын жою бағытында біздің басқарма жастар қозғалыстары және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп ауқымды жүргізіп жатыр. Бұл іске коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер де көптеп тартылуда. Көбіне жақын маңдағы дүкендер мен тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан бейнебақылау камералары арқылы бұзақылар анықталып жатады. Жалпы тұрғындар мұндай жарнаманы байқаса дереу полицияға шағымданғаны жөн. Өз бетіңізше әрекет етудің де қажеті шамалы. Оқиға орнына жедел тергеу тобының келгенін күту керек. Олар өз құзіреті шеңберінде әртүрлі белгілер арқылы есірткі бизнесімен айналысушыларды анықтайды", – дейді Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы Сергей Ильиных.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ