Ақын-сазгер Әкім Ысқақтың жаңа ән жинағы жарық көрді
15 тамыз, 2024
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ақын-сазгер Әкім Ысқақтың жаңа ән жинағы жарық көрді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107619539713437.webp)
ашық дереккөз
«Теңіздей тебіреніп толқыған әлем әуендеріне тамшыдай болса да өзінің үнін қосып жүрген Әкім Ысқақтың әуелеген әуендерін «Нұр-Мұқасан» тобынан бастап Ж.Жексенұлы, М.Түсіпбаева, Ж.Ысқақова, А.Жүнісбеков, М.Арапбаева, Ә.Қалаубаева, Қанат, Света Айтбаевтар, Қ.Нұртас секілді әншілер нақышына келтіріп орындап жүр. Әкімнің самалдай соққан саз-әуендерін тыңдап, тәнті болған көрермендердің соққан шапалағы мың кептер қатар ұшып қанат қаққандай дүр етуі ненің құдіреті?! Алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, жаныңды жадырататын әуезді әннің әсері, әрине. Ән – құдіретті өнер. Сымбатың мен сыныңды түзеп, сырласатын сиқыры бар өнер. Әкімнің әндері сыр мен сымбатты қосып, қорғасындай балқытып құйған дүние», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек.
Автордың «Әкімнің ән әлемі» атты кітабы «Әлем» баспасынан шықты. Бұл жинақ «Көңіл қымбат», «Көк тудың желбірегені», «Бақытты болыңдар, Адамдар!» мен «Ән туралы әңгімелер» деген төрт бөлімнен тұрады.
«Кітапқа белгілі әндерімен, сондай-ақ жаңадан шыққан әуендері нотасымен бірге және өнерсүйер қауымның пікірлері, мөлтек сырлары, тәтті тілектері жинақталды. Мұнда кейбір әндердің қалай туындағанын, ол әндерді кім орындағанына дейін деректер келтірілген. Жинақты республикалық «Әкім аға тілеулестері» оқырмандар тобының ұсынысымен топтастырған және жарыққа шығуына үлкен үлес қосқан Жұпаркүл Бекшораеваға алғысымды білдіремін», - деді қаламгер Әкім Ысқақ.
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар