Елордада жаңа үлгідегі Студенттер үйі ашылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада жаңа үлгідегі Студенттер үйі ашылды
ашық дереккөз

Студенттерге арналған ғимарат 680 орынға есептелген, 5 қабаттан тұрады. Студенттер үйінде асхана, душ, демалыс бөлмелері, әр қабатта ас үй мен оқу залдары бар. Барлық бөлмелер жаңа да заманауи техника және жиһаздармен жабдықталған, әрі университет аумағында орналасқан. Сондай-ақ Студенттер үйінде коуоркинг орталығы, тренажер және спорт залдар мен конференц залының ашылуы жоспарда бар. «Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылдың аяғына дейін жоғары оқу орындарының студенттеріне  арнап 75 мыңға жуық жатақхана салуды тапсырған болатын. Осы үндеу шыға салысымен біздің университет те шетте қалған жоқ. Университеттің құрылтайшысы, Қазақстанға белгілі білім және ғылым саласының қайраткері Оралбек Құлажанов үндеуді қолдап, ұжымды көтеріп, студенттерге арналған жатақхана салуды 2019 жылдың мамыр айында бастаған болатын. Енді, міне, биылғы оқу жылының 1-курс студенттеріне толығымен заманауи техникалармен жабдықталған Студенттер үйінің салтанатты ашылу рәсімін бастайын деп отырмыз», — деді Қазақ технология және бизнес университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов.  Оның айтуынша, Студенттер үйін салуға 1 млрд 300 млн қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, биыл магистранттар, докторанттар мен ғалымдарға арналған жаңа нысан салу жоспарда барын атап өтті. Айта кетерлігі, аталған университеттің аумағына студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына және дене шынықтыру пәнін өткізуге қажетті жабық спорт кешені бой көтеріп жатыр. Ол осы оқу жылының басында, 1 қыркүйекте пайдануға беріледі.