Қазақстан мен Өзбекстан Ұлттық ұланының сарбаздары бірлескен жаттығу өткізбек

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстан мен Өзбекстан Ұлттық ұланының сарбаздары бірлескен жаттығу өткізбек
ашық дереккөз

Бауырлас республиканың әскери делегациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Жоғары қолбасшылығында болды. Олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының басшылығымен кездесуі кезінде брифинг ұйымдастырылып, онда Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қонақтарға құрылым туралы, атқарылған міндеттері және әскердің даму перспективалары жайлы егжей-тегжей айтып берді. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік әрі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында бірлескен жаттығулар (тренингтер) өткізу, қос тарап ұйымдастырған спорттық жарыстарға екі жақ ведомстволары өкілдерінің қатысуы сияқты мәселелер қаралды. Кездесуде делегация басшысы, генерал-майор Рустам Джураев қазақ-өзбек қатынастары терең тарихи тамыры мен ортақ рухани құндылықтары бар біздің халықтарымыздың достығы және бауырластығынан күш алатынын атап өтті. Елордадағы іссапар барысында өзбекстандық әскерилер Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының астаналық жедел бригадасында болды. Қонақтарға әскери қалашықтың инфрақұрылымы, әскери техникасы әрі қару-жарақ үлгілері, сондай-ақ басқа да нысандар көрсетілді. Делегацияның жұмыс сапары оңтүстік астанада аяқталды. Онда Өзбекстаннан келген әскерилер ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан арнайы жасақтарының жауынгерлік-әдістемелік даярлау орталығының мүмкіндіктерімен танысты. Сапар барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери институты және Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери-техникалық институты арасында ынтымақтастық меморандумын жасау мәселесі де пысықталды.