Ауғаннан тыныштық кетсе…
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ауғаннан тыныштық кетсе…](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107660813820285.webp)
1919 жылы тәуелсіздік жариялаған Ауғанстан бір ғасыр бойы соғыстан көз ашпай келеді. Әлемдегі мемлекет туын ең көп ауыстырған (23 рет) ел ретінде есте қалған бұл елге шетел қарулы күштері де тыныштық берген жоқ. Мәселен, өткен ғасырдың соңында Кеңес Одағы «ауған халқына көмектесуді» сылтау етіп, аталған елге әскер кіргізсе, 2011 жылы АҚШ бастаған НАТО күштерінің шабуылы «Терроризмді қолдаған» талибан билігін тақтан тайдырды. Бірақ бүкіл әлемді солқылдатқан екі империя да 10-20 жыл соғысқа араласып, өз ойлағандарын жүзеге асырамын деп қанша талпынғанмен, ештеңе өзгерген жоқ. Бір ауыз сөзбен айтқанда, екеуі де жеңіліп тынды. Әсіресе, АҚШ бастаған батыс елдерінің 1996 жылдан бастап ел тізгінін қолға алған «талибан» экстремистік ұйымын құртып, елде демократия салтанат құратын билік жүйесін қалыптастырмақ ниеттегі «арманы» да аяқсыз қалып, өз әскерін алып кетуге мәжбүр болды. АҚШ әскерін шегіндіре бастаған күннен бастап талибан қайта атқа қонып, елдің солтүстігіндегі ондаған ауданды басып алды. АҚШ қарулы күштері он жыл бойы қанатының астына алып, тәрбиелеген ауған үкіметінің әскерлері тәліптердің тегеурінді шабуылына шыдамай, көршілес елдерге бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Бұл жағдай талибан күштерінің Ауғанстанда әлі де десі басым екенін анық аңғартты. Талибандар кім? Талибан – 1990 жылдары пайда болған діни-саяси қозғалыс ұйымы. Қозғалыстың рухани көсемі – молла Мұхаммед Омар. Пәкістанның солтүстігінде құрылған бұл ұйымға бастапқыда Пәкістан медреселерінде тәлім алған ауған босқындары мен оның балалары тартылса, кейін олардың қатарына ауған әскері, пуштундар, сондай-ақ шетелдерден келген лаңкестер қосылды. «Талибан» қозғалысының ең әуелгі мақсаты Ауғанстандағы моджахедтер үкіметін құлатып, елді ислам мемлекетіне айналдыру еді. Тәліптер 1995 жылы күзде Иранмен шекараласатын Герат провинциясын, 1995 жылы күзде Кабулды алып, Ауғанстан ислам әмірлігін құрды. Осыдан кейін Ауғанстан мен Пәкістанда пуштундар көп тұратын аймақтарда тәліптер үстемдігін арттырып, ислам және шариғат заңдарын енгізе бастады. 1998 жылға дейін тәліптер Ауғанстан аумағының 90 пайызын бақылауда ұстады. Бірақ талибандар қанша күш салғанмен, халықаралық қауымдастық олардың билігін мүлде мойындаған жоқ. Керісінше, радикалды исламдық топтарға қолдау көрсеткені үшін террористік ұйым деп таныды. 2003 жылы БҰҰ талибанды террорлық ұйым деп жариялады. Керіс кеңеспен шешіле ме? «әл-Каида» ұйымы 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тағы бүкіләлемдік сауда орталығын қиратқаннан кейін, АҚШ «Талибандар «әл-Каида» ұйымына қолдау көрсетті, Усама Бен Ладенді ұстап беруден бас тартты» деген сылтаумен Ауғанстанға шабуыл жасап, тәліптерді тақтан тайдырды. Бірақ тақтан құлатқанмен, тәліптердің тірсегін біржола қия алмады. Партизандық ұрыс тәсіліне көшіп, шегіне ұрыс салған тәліптер «аттан түссе де, үзеңгіден түспей», күні кешеге дейін елдің 30 пайызға жуық аумағын билеп тұрды. Сонымен, АҚШ-қа арқа сүйегенмен, жергілікті халықтың қолдауына ие болған тәліптерді тамырымен құртудың мүмкін еместігіне көзі жеткен Ауғанстанның жаңа үкіметі Пәкістан, Қытай және АҚШ елдерінің араласуымен талибан қозғалысының өкілдерімен келіссөз өткізуге мәжбүр болды. 2010 жылы Ауғанстан үкіметі талибан қарулы күштерін келіссөз үстеліне шақырды. Алайда талибандардың қарсылығына ұшырады. Осыдан кейін талибан қарулы күштері 2012 жылы қаңтарда Катардың астанасы Дохада арнаулы кеңсе ашып, 2013 жылы маусымда Дохада тараптармен келіссөз өткізетінін жариялады. Алайда мұның бәрінен ешқандай нәтиже шықпады. Пәкістан үкіметінің араағайын болуымен өткізілген келіссөздер де нәтижесіз аяқталды. Ауған соғысында көздеген көмбесіне жете алмаған АҚШ-та 2018 жылдан бастап талибандармен келіссөз өткізе бастады. 2018 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта тоғыз раундқа созылған келіссөзден кейін АҚШ Ауғанстандағы 5400 сарбазын шегіндіруге келісті. Сонымен қатар келіссөз нәтиже берсе, бірнеше жыл ішінде Ауғанстандағы 14 мың әскерін түгел алып кететін болды. Ал талибан болса өздері бақылауда ұстап отырған аймақтарында террористерді паналатпауға, АҚШ пен оның одақтастарына шабуылдамауға уәде берді. Осылайша Трамп құжат жүзінде рәсімдеп, Байден билігі ресми түрде жүзеге асырған «әскер шегіндіру» процесі қазір қауырт жүріп жатыр. 11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан өз әскерін түгел әкеткелі отырған АҚШ жасағының жартысынан астамын шығарып үлгерді. Бірақ бұл жағдай қауіпсіздікті әлден қиындата бастады. Себебі шетел әскері кете бастасымен талибан да белсенді іс-қимылға көшті. Талибандарға халықаралық қауымдастық лаңкестік ұйым деп қарағанмен, Ауғанстан халқы олай ойламайтын секілді. Әсіресе, ауған халқының көп бөлігін құрайтын пуштундар талибандарды қолдайды. Талибандар да өзі бақылауға алған өңірлерде халықтың жағдайын жақсарту тұрғысынан біраз жұмыстар атқарып, елдің қолдауына ие болған. Әсіресе, пандемия кезінде талибандардың халыққа дәрі-дәрмек жеткізу, емдеу жағындағы көмегі Ауғанстан үкіметінен асып түскен. Оның үстіне ауған халқы да қазіргі биліктің ауған елінің іргесін бекем, халқын тыныш ұстап тұратынына сенбейді. Былайша айтқанда, соғыстан шаршаған халық та АҚШ-қа да алдырмаған талибандардың қайта билік басына келіп, елде тыныштық орнатуын қалайтын да сыңайлы. Талибандардың бұлайша күш алуына алпауыт елдер арасындағы бәсекенің де мұрындық болғанын ешкім жоққа шығармайды. Әсіресе, Ресей, Иран, Қытай, Пәкістан елдері ресми түрде талибаннан бойын аулаққа салғанмен, шын мәнінде олар АҚШ-тың өңірдегі ықпалын азайту үшін тәліптерді жасырын қолдап отырғаны шындық. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл елдердің кейбірі Ауғанстанның аумалы төкпелі-жағдайдың шырмауынан шыға алмауына мүдделі. Міне, бұл іргесін енді-енді бекемдеп келе жатқан Орталық Азиядағы елдер үшін үлкен бас ауру болып тұр. Орталық Азияда тұрақтылық сақтала ма? Мамырдың басынан бері Ауғанстанның солтүстігінде тәліптер жылдам жеңіске жетеді ешкім де ойлаған жоқ. Алайда әскери қимылдар аз уақытта Ауғанстанның солтүстік шекарасына жетіп, қақтығыс алауы Орталық Азия аумағына дейін өтіп жығылды. Бұған соғыстан бас сауғалаған ауған үкіметі әскерлерінің Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне өтіп кеткені айғақ. Ауғанстанның сегіз провинциясы Орталық Азиядағы елдермен шектеседі. АҚШ әскері кіргеннен кейін бұл провинциялар ондаған жыл салыстырмалы түрде бейбіт өмір сүріп, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері біраз уақыт тыныстап қалған еді. Бірақ 2013 жылдан бері Ауғанстан қауіпсіздік күштері мен тәліптер арасындағы күрестің күшеюіне байланысты Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің шекарасы маңында атыс күшейіп, ауған сарбаздарының бас сауғалап, талибандардың әдейі шекара бұзып өту жағдайы оқтын-оқтын көрініс берді. Аталған мемлекеттердің аумағына артиллерия снарядтары құлаған кездер де болды. Өзбекстан мен Тәжікстанды алаңдатып отырған тағы бір жайт, бұл елдердің Ауғанстандағы экстремистік топтар қатарында соғысып жүрген азаматтары көп. Мүшелігінде өзбек және тәжік азаматтары бар «Хорасан ислам мемлекеті», тәжік жасақтарын негіз ететін «Джамаат Ансаруллах» тобы мен өзбектер саны басым «Ислам жихады» одағы, «Катибат Тахвид әл-Джихад», «Өзбекстан ислам қозғалысы» сынды ұйымдар қайта қайырылып шаба ма дегенде өзбек, тәжік басшыларында зәре жоқ. Сосын да соңғы кездері Ауғанстан жағдайы күрт шиеленіскенде, өзбек билігі әскерін соғысқа сайлап, сақтыққа көшті. Ал ресми түрде бейтарап позиция ұстанатын Түрікменстан осыған дейін Ауғанстандағы ішкі қақтығыстардан бойын аулақ салуға тырысып келді. 2019 жылы наурызда түрікмен шекарашылары Мургаб ауданындағы тәліптердің шабуылынан қашып, Түрікменстанға кірмек болған ауған үкіметінің 100-ге тарта жауынгерін кері қайтарған. Осының салдарынан жауынгерлер тәліптердің қолына түскен. Демек, Ауғанстанмен шекарадағы жағдайдың қалай өрбігеніне қарап, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдері кез келген жағдайға дайын болу үшін қорғаныс, қауіпсіздік саласындағы екіжақты және көпжақты келісімдерін қайта қарауы мүмкін. Бұған Қазақстан мен Қырғызстан да мүдделі. Қазірдің өзінде бес ел басшылары мәселені талқылап та үлгерген болуы мүмкін. Ал Ресей болса бұл жағдайды өз мүддесі үшін, яғни Орталық Азия елдерінің құшағынан ертерек шығып кетуінің алдын алу үшін Ауғанстан жағдаймен арбап, тәліптер арқылы «тәк-тәк» салғысы келеді. Атыс-шабысқа еті үйренген тәліптер де Ресейден ықтамаса, Орталық Азиядағы бес елге тыныштық бермеуге қауқары қаптал жетеді. Қазіргі жағдай қалай? Ауғанстандағы БҰҰ арнайы өкілі Дебора Лайонс 22 маусымда «тәліптердің Ауғанстандағы 370 ауданның 50-ден астамын басып алғанын, бұл басқа да елдерге қауіп төндіретінін» ашып айтты. Қазір Фарьябтың шығысындағы Джаузджан провинциясындағы Түрікменстанмен шекаралас Хамияб және Каркин аудандары Акча, Мангиджал, Файзабад, Мардян елді мекендерімен бірге тәліптердің қолына өтті деген ақпарат бар. Сондай-ақ Құндыз провинциясының Тәжікстанмен шекаралас Имам Шахиб, Калайи-Зал аудандары да тәліптердің қолына өтсе, Құндыздың шығысында орналасқан Тахар провинциясындағы 12 ауданның сегізін тәліптер басып алды, ауған-тәжік шекарасындағы Шерхан-Бандар аймағы да қазір солардың бақылауында. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери қолбасшысы Austin Scott Miller сейсенбі күні ақпарат құралдарына «Ауғанстанның қауіпсіздік жағдайы өте нашар күйде» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ пен НАТО әскери шегінуді бастаған 1 мамырдан бері «Талибан» ұйымы елдегі 419 әкімшілік аймақтың 100-ден астамын бақылауына алып үлгерген. Бұған дейін 200-ге жуық ауған әскерінің тәліптер шабуылынан бас сауғалап, Тәжікстан мен Өзбекстанға өтіп кеткені хабарланған еді. Ташкент қашып келген ауған сарбаздарын өз еліне қайтарды. Ал Тәжікстан, керісінше, бас сауғалаған ауған әскеріне уақытша Тәжікстанда қалуға рұқсат беріп, жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетті. Бірақ іс мұнымен бітпейтін секілді. Себебі енді ауғанстандық босқындар да Орталық Азияға кіре бастауы мүмкін. Осы жағдайға байланысты Тәжікстанның шығысындағы Бадахшан өңірінің басшысы Ёдгор Файзов 21 маусымда аймақ басшыларының кездесуінде «Ауғанстаннан кем дегенде 5 мың, ең көбі 10 мыңға жуық босқын қабылдауға дайын болуымыз керек» деп мәлімдеме жасады. Ал Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі шекара маңындағы аймақтардағы кез келген заңсыз әрекеттердің жолын кесетіндігін жариялап, көрші елмен тұрақты қарым-қатынасты сақтауға шақырды. Бұған дейін Өзбекстан елдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Ауғанстанмен шекараны жауып, Ауғанстан азаматтарына туристік визалар беруді тоқтатқан болатын.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ