Қазақстан студенттері қандай жетістікке жетті?
БҒМ мәліметінше, студенттердің жетістіктері бойынша үздік 5 мемлекеттік жоғары оқу орнының қатарына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қарағанды техникалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті кірді. Мысалы, өткен оқу жылында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 87 студенті IV Бүкілресейлік олимпиадада, CISCO STARS-2019 желілік технологиялар бойынша халықаралық олимпиадада, халықаралық пәндік олимпиадада, Regional Final of Huawei ICT Competition in Eurasia 2019-2020 әрі басқа да жарыстарда жүлделі орынға ие болды. Сондай-ақ ЕҰУ студенттері пәндік олимпиадаларда ғана емес, түрлі шығармашылық және спорттық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, E-STUDIO вокалистері Украина мен Өзбекстандағы халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Домбырашы-студенттерден құралған «Дала сазы» оркестрі DUBAI MUSIC FESTIVAL-CONTEST халықаралық байқауында жеңіске жетті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері халықаралық олимпиадаларда білім деңгейлерінің жақсы екенін көрсетті. Жоғары оқу орнының студенттері POSCO халықаралық қорының (Корея), Heiwa Nakajima Foundation (Жапония), MOPGA (Франция) стипендиаты, бұған қоса Erasmus, DORA халықаралық гранттарының иегері атанды. Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері де көзге түсті. 2020 жылы бұл оқу орны педагогикалық ЖОО студенттері арасында жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша өткен халықаралық олимпиадада жүлделі орын иеленді. Сонымен қатар 18 студент пен магистрант білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарына ие болды. Бұнымен бірге ҚазҰПУ білім алушылары студенттер әрі магистранттар арасында республикалық пәндік олимпиадалар әрі ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурстарының жеңімпазы атанды. Өңірлік жоғары оқу орындарының білім алушылары да жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, Қарағанды техникалық университетінің студенттері Terricone valley IT-WEEK.KZ 2019 халықаралық форумының хакатонында бірінші орын алып, басқа да халықаралық студенттік конкурстар мен ғылыми-зерттеу жобаларында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Студенттердің жетістіктері бойынша үздік бестікті М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қортындылады. ЖОО-ның 50-ден астам студенті халықаралық ғылыми-зерттеу конкурстары және олимпиадаларының жеңімпазы атанды.