Дания-Финляндия: Кристиан Эриксенді дәрігерлер қалай құтқарып қалды
Дания құрамасының капитаны Симон Кьер әріптесі Кристиан Эриксеннің есін жинауына жәрдем еткен ойыншылардың бірі. Матчтың 43-минутында алаңның сол қапталында дат ойыншылары ауттан допты ойынға қосқан болатын. Міне дәл осы сәтте Эриксен өзін нашар сезініп, бір-екі қадам жасаған соң құлап түсті. Осы кезде оның қасына қорғаушы Йоаким Меле келіп, жағдайын білді. Ал жартылай қорғаушы Кьер келе сала Эриксеннің тілін жұтып қоймағанын тексереді. Өз кезегінде арбитр Энтони Тэйлор бірден ысқырық шалып, медициналық көмек қажет екені жөнінде белгі берді. Кездесудің 44-минутында екі дәрігерге қосымша екі медицина қызметкері көмектесу үшін келді. Артынша 10 секунд өткеннен кейін дәрігерлер штабының төрт қызметкері зембіл көтеріп жетті. Матчтың 45-минутында жартылай қорғаушы Томас Дилейни әріптестеріне Эриксеннің жан-жағына қоршау болып тұру керектігін айтып, жағдайды жұрт көзінен жасырып қалуға тырысты. Ойынның 45:47 минутында дәрігерлердің бірі Эриксеннің жүрегіне тікелей массаж жасайды. Арада 45 секунд өткеннен кейін тағы екі дәрігер келіп көмектесті. Олар футболшының жүрегіне қажет дефибриллятор алып келді. Ал оған дейін Кристианның жүрегіне массажды қолмен жасаған болатын. Ойынның 47:30 минутында реанимациялық креслоны сүйреп қосымша дәрігерлер жетті. Келесі минуттарда дәрігерлер Эриксенге көмектесіп жатты. 53-минутта ойын алаңына Кристианның жұбайы Сабрина Квист Йенсен жүгіріп жетті. Көз жасына ерік берген оны екі күзетші ары қарай жібере қойған жоқ. Дәл осы сәтте қақпашы Каспер Шмейхель мен капитан Симон Кьер кезек-кезегімен келіп, оны жұбатып, сабыр сақтау керектігін айтты. Ойынның 54-минутында дәрігерлер Кристиан Эриксенге жасанды демалу аппаратын қойып, медициналық каталкамен трибунаның астына алып кетті. Ал ары қарай жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы госпитальдың біріне жеткізді. Суреттерге мән берсек, Кристиан Эриксен бұл уақытта есін жиып, ИВЛ аппаратын ұстап тұрғанын байқауға болады. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:30 шамасында Дания футбол құрамасы Twitter парақшасында «Кристиан Эриксен есін жиды, Rigshospitalet госпиталінде медициналық тексерістен өтіп жатыр» деген жазба қалдырды. Футболшының өзі аурухана палатасынан әріптестеріне хабарласып, матчты соңына дейін ойнау керектігін тапсырды. Осыдан кейін барып, Финляндия мен Дания арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 00:30-да қайта жалғасатыны хабарланды. Матч басында Финляндия құрамасы қарсылас ойыншыларды ду қол шапалақпен қарсы алды. Қос команда арасындағы матч жалғасып, Финляндия құрамасы Данияны 1:0 есебімен жеңді. Ойын барысында Дания құрамасы 23 соққы жасағанмен гол соға алған жоқ. Ал финдер бір-ақ соққы жасап, 60-минутта Йоэл Похьянпалоның көмегімен жеңісті допты соқты.