«Demalys Promenade»: Ел астанасында жаяу жүргіншілер кеңістігі ашылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Demalys Promenade»: Ел астанасында жаяу жүргіншілер кеңістігі ашылды
ашық дереккөз

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының басты бағыттарының бірі – серуендеуге, спортпен шұғылдануға арналған орындар ашу. Биыл барлығы 150 аула, 40 қоғамық кеңістік құрылып, абаттандырылады. Ал бүгін ашылған «Demalys Promenade» әзірге тек демалыс және мерекелік күндері ғана ашық болады. Бұл күндері қала жұртшылығы үшін түрлі концерттер, ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Өз кезегінде «Оrda FM» радиосы жылжымалы студиясын орнатып, «Demalys Promenade» кеңістігінің ашылу салтанатынан тікелей эфир өткізді.

«Қала әкімі Алтай Сейдірұлы тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының аясында қоғамдық кеңістіктердің құрылысына ерекше назар аударылуда. Осылайша қала тұрғындары мен қонақтарының игілігі үшін тағы бір орын ашылып отыр. «Demalys Promenade» қаланың тарихи бөлігі орналасқан аумақта ашылды. Бірер апта бұрын Жақып Омаров көшесінде «Театральный» бульварының алғашқы бөлігі ашылған болатын. Екінші бөлігін шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Концепция бойынша «Demalys Promenade» сол «Театральный» бульварымен қосылады. Ал ары қарай Кенесары көшесі арқылы Арбатқа, содан кейін Есіл өзеніне және орталық саябаққа жалғасады», - деді Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен.

Шаһар басшылығының «Demalys Promenade» үшін бұл орынды таңдап алуының да құпиясы бар. Мұнда мемлекет қорғауындағы «П.Г. Моисеевтің үйі» аталып кеткен ғасырдан астам тарихы бар көне ғимарат, кітап оқуды насихаттау үшін «Абай кітапханасы», еліміздің өркендеуіне үлес қосқан аға буын өткілдері тұрған үйлер бар. Қала басшылығының ойға алған мақсатының бірі – елорданың тарихи бөлігін қайта реновациялау, басқа қырынан таныту. Шамамен бір шақырым аумаққа созылған кеңістікте жәрмеңке өткізетін алаң, құралмалы сахналар, каратэ киокушинкай, муай тай, көркем гимнастика, йога секілді спорт түрлерінен дайындалу орны және өзге де көңіл көтеру орындары қарастырылған. Айта кетейік, «Demalys Promenade» кеңістігінің ашылуы аясында өтетін іс-шаралардың бәрі санитарлық талаптарды сақтай отырып өтеді.