Елордада карантин талаптарын бұзған тағы 10 мекеме анықталды
Әкімдік мәліметінше, өткен тәулікте, яғни 6 маусымда мониторингтік топтар 10 мекемені әкімшілік жауапқа тартты. Алматы ауданы, Нәжімеденов көшесі, 14 мекенжайындағы «Панаехали» барында карантин бұзылғаны анықталды. Сол сияқты Байқоңыр ауданы, Кенесары көшесі, 65 мекенжайында орналасқан «С кайфом» лаундж бары санэпидемиологиялық нормаларды бұза отырып, жұмыс істеген. Ал Есіл ауданында бірден 7 ойын-сауық мекемесі карантин режимін бұзған. Сарыарқа ауданында Respawn компьютерлік клубы бас санитар дәрігердің қаулысына қарамастан сағат 23:00-ден кейін жұмыс істеген. Жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды. Нұр-Сұлтанның «қызыл аймаққа» енгеніне үш ай болды. Эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлік нысандары коронавирустың одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормаларды және карантин талаптарын қатаң сақтауы тиіс.