Болашақ тікұшақ ұшқыштары бітіру емтихандарын тапсырды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Болашақ тікұшақ ұшқыштары бітіру емтихандарын тапсырды
ашық дереккөз

«Ми-8МТ тікұшағында осы мамандық бойынша ұшу шеберлігіне оқыту жүргізіледі. Бұл жүк пен жеке құрамды тасымалдауға, бес мың метрге дейін биіктікке көтерілуге қабілетті орта класты көп мақсатты тікұшақ», – деді Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты авиациялық оқу орталығының бастығы подполковник Рүстем Қонақбаев. 

Курсанттың өздігінен ұшуға дайындығын анықтау – ұшуды оқытудың жауапты кезеңі және нұсқаушы-ұшқыштың білікті бағасын талап етеді. Бұл ұшу даярлығы бойынша мемлекеттік емтихан болып саналады. Осы кезде курсант ұшуды, қонуды, жер үстінде қалықтауды, маневр жасауды, бағыт бойынша ұшуды және ұшудың басқа да элементтерін орындауды көрсетеді. Емтихан барысында нұсқаушы курсанттардың моральдық-психологиялық дайындығы мен қозғалтқыштың, аспаптар мен жүйелердің істен шығу сияқты күрделі жағдайлардағы шешім қабылдау қабілетін де тексереді. «Бірінші курста тікұшақпен алғашқы дербес ұшудан кейін бәріміз ерекше сезімге бөлендік. Қанатымыз қатайғандай болды. Қазір қорытынды емтиханды тапсыру кезінде мен мамандықты дұрыс таңдағаныма тағы да көз жеткіздім», - деді курсант Алекс Жұмағұлов.  Айта кетсек, оқу аяқталғанда курсанттардың ұшу тәжірибесі 80 сағаттан асатын болады.