CҚО-дағы сүт зауыты ЕАЭО нарығына еркін кіре алатын болады
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![CҚО-дағы сүт зауыты ЕАЭО нарығына еркін кіре алатын болады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107769214492901.webp)
Петропавлда Қазақстанның ірі сүт өңдеу зауыттарының бірінде сүт тауарларын таңбалау және қадағалау жүйесі сынақтан өтті. «МолПродукт» ЖШС-тегі жаңғыртылған өндірістік желінің жұмысын көрсетуге Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және QR Trace ЖШС өкілдері қатысты. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстандағы таңбалаудың бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, тауарлардың кейбір топтары бойынша пилоттық жобаларды іске қосты. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы пилоттық жоба сүт өнімдерін өндірумен және экспорттаумен айналысатын «МолПродукт» ЖШС базасында іске қосылды. Бұл кәсіпорындағы таңбалау жүйесін QR Trace компаниясы техникалық серіктесі «Первый БИТ» ЖШС-мен бірлесіп енгізді. Күш біріктірудің нәтижесінде компаниялар тиімді және қолжетімді шешім тауып, оны қатты қаптамадағы сүтті өндіру желісіне пайдаланды. «Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу үшін белгілі деңгейде шығындануға тура келеді. Сондықтан бизнес өкілдерінен сұрақтар туындауы мүмкін. Бірақ біз пилоттық жобаны іске асыру барысында үлкен жұмыстар жүргіздік. Бір жылға жуық уақыт нарықты, түрлі шешімдерді зерттедік және нәтижесінде кәсіпкерлеріміз үшін ең оңтайлы нұсқаны таптық. Біз бұл шешімді «МолПродукт» ЖШС базасында сынап көрдік. Онда заманауи өндірістік желі орнатылған. Біз таңбалау жабдықтарын біріктіруді жүзеге асырдық. Сондай-ақ 1С есепке алу жүйесін бейімдеу және жетілдіру жұмыстарын жүйеледік. Нәтижесінде, баға бойынша тиімділікті көтеру шешімін көрсеттік», - деді QR Trace ЖШС директоры Алмаз Маралов. Петропавл кәсіпорны өз өнімдерінің көп бөлігін Ресей Федерациясына жібереді. Сондықтан компания басшылығы экспорттық және ішкі нарықтардағы өз жағдайын сақтауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларға қызығушылық танытады. Жүйе сынақтан сәтті өтті. Нәтижесі талданып, ауыл шаруашылығы саласындағы таңбалау тәжірибесі алдағы уақытта негізге алынады. АӨК саласындағы таңбалау жүйесін енгізу бойынша алғашқы пилоттық жоба Үкімет басшысының тапсырмаларын және Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың 2020 жылғы 14 шілдедегі «Қазақстанда тауарларды таңбалау және қадағалау жобасын іске асыру туралы» кеңес хаттамасын орындау аясында жүзеге асты.