Мектепке кіргізуге тыйым салынған заттардың тізімі бекітілді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мектепке кіргізуге тыйым салынған заттардың тізімі бекітілді
ашық дереккөз

БҒМ мәліметінше, ведомство бұйрығымен білім беру ұйымдарына кіргізуге тыйым салынған әрі пайдалануға болмайтын заттардың тізімі бекітілді. Бұл тізімге қарудың барлық түрі, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, тесуге және кесуге арналған заттар кіреді. «Біз білім беру ұйымдарында тыйым салынған заттардың тізімін әзірлеуге өткен жылы кірістік. Осы жылдың қаңтар айынан бастап «Білім туралы» заң шеңберінде осы тізімді әзірлеу әрі бекіту біздің құзыретімізде. Тыйым салынған заттардың тізімін Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҰҚК, Бас прокуратура әрі Жоғарғы Сот бірлесіп жасады», – деді Білім министрі Асхат Аймағамбетов. Жаңа норманы енгізу оқушылар үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға, құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтауға әрі оның алдын алуға мүмкіндік береді. Осылайша, мектептерге қару мен оған сыртқы ұқсастығы бар заттарды әкелуге қатаң тыйым салынады. Бұдан бөлек білім беру ұйымдарында шаншитын, кесетін және өткір заттарды, өнеркәсіптік құралдарды, оқ-дәрілерді, жарылғыш, улы, психоактивті заттарды әкелуге әрі пайдалануға жол берілмейді. Мектеп оқушыларының оқу сабақтары кезінде смартфон, планшет, плейерлерді пайдалануына шектеу енгізіледі. Бұл шектеулер денсаулықты бақылау үшін смартфонды қажет ететін ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қатысты емес. Мәселен, қант диабеті бар оқушыларға қандағы қантты бақылау үшін смартфон қажет болуы мүмкін. Балалардың тыйым салынған заттарды білім беру ұйымдарына кіргізгені үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдері жауапты болады.