Елімізде кредиттік аминистия ұзартыла ма?
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елімізде кредиттік аминистия ұзартыла ма?](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107807937817353.webp)
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда азаматтар үшін кредиттік рақымшылықты ұзарту жоспарланып отырғаны туралы бірқатар БАҚ-тағы жарияланымдар журналистердің «Ашық деректер» порталында орналасқан Үкімет қаулысының жобасын дұрыс түсіндірмеуіне негізделген. Және де ол шындыққа сәйкес келмейді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын орындау үшін «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2019 жылғы 15 шілдедегі қаулысы қабылданған болатын. Қаулымен есептен шығару мерзімі 2019 жылғы 13 желтоқсаннан кешіктірілмей белгіленген. Азаматтардың борыш жүктемесін азайту үш кезеңде жүргізілді. Бірінші кезеңде есептен шығару 2019 жылғы қыркүйекте 507,4 мың азаматқа жалпы сомасы 105,2 млрд теңгеге, екінші кезеңде 2019 жылғы желтоқсанда 46,9 мың азаматқа жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге жүзеге асырылды. Министрлік Жарлыққа қатысы бар адамдарды толық қамту мақсатында 2020 жылғы сәуірде жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге 23,4 мың азаматты үшінші кезеңде есептен шығаруды жүзеге асырды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылғы І тоқсанда нақты жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, есептен шығару мерзімін түзетуді көздейтін «Үкіметтің 2019 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Қазір берешекті есептен шығару бойынша барлық жұмыс аяқталды және оларды қайта бастау болжанып отырған жоқ.