Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні
ашық дереккөз

Мұндай мейрамды бекіту туралы ұсыныс алғаш рет 1925 жылы Женевада өткен Дүниежүзілік конференцияда жасалды. Мереке 1949 жылы ресми түрде бекітілді, ал 1950 жылдан бастап тұрақты түрде аталып өтеді. Еліміз де бұл мейрамды жыл сайын атап өтеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының үштен бірін 0-17 жас аралығындағы балалар құрайды. Яғни, елімізде 6 млн 109 мың кәмелетке толмаған тұрғын бар. Қазақстанда балалар құқығын қорғауға қатысты халықаралық құжаттың барлығы ратификацияланған. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып, заңнаманы жетілдіру туралы тапсырма берді. Соның аясында бір жылда балалар құқығы туралы заңнамаға 83 түзету енгізілді. Үкімет дерегіне сай, 2020 жылы елімізде балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері қабылданды. Ал 2022 жылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарланып отыр. Осы индекстің көмегімен балалардың жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелілігі қадағаланбақ. Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүр бойынша балаларды бүгінгі мерекесімен құттықтады. «Еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі», - деп жазды президент твиттер аккаунтында.