Қазақстандық боксшы қыздар 8 алтын медаль жеңіп алды
Ерік Алғабек жаттықтыратын қазақстандық боксшы қыздар Азия біріншілігін 8 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен аяқтап отыр. Біздің команда сапынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Валентина Хальзова (69 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) чемпион атанды. Владислава Кухта (57 келі) ақтық сында сүрініп, күміс жүлдегер атанса, Марина Вольноваға (75 келі) құрлық додасының қола медалі бұйырды. Бұл бокстан Қазақстан әйелдер командасының рекордты көрсеткіштерінің бірі. Бұған дейін қазақстандықтар Азия біріншілігінен сегіз алтын алмаған болатын. Бүгін ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Ақтық айқаста Қазақстан командасының бес өкілі бақ сынайды.