Елордалық үлескерлерді 2 миллиард теңгеге алдап кеткен әйел адам ұсталды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордалық үлескерлерді 2 миллиард теңгеге алдап кеткен әйел адам ұсталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107810035310618.webp)
Әйел адам сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алғаны және талан-таражға салғаны үшін 2019 жылдың қазан айынан бері айыпталады. "Қазіргі кезде ол Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Күдіктіні Қазақстан Республикасына экстрадициялау туралы мәселе шешілуде. Күдікті полициядан жасырыну үшін Ресейдің әртүрлі аймақтарында тұрғылықты жерін үнемі ауыстырып отырды. Ол бет-әлпетін өзгертіп, жалдамалы пәтерлерде тұрған. Өзінің туыстарымен сенімді адамдар арқылы байланысқа түсіп отырған", - делінген Полиция департаментінің хабарламасында. Қылмыстық іс материалдарынан анықталғандай, күдікті Нұр-Сұлтан қаласында «Талисман» көппәтерлі үйдің құрылысы үшін «Жеңіс Астана Премиум» тұрғын үй құрылыс кооперативін тіркеген. Осы мақсатта ол инвесторларды тарта бастаған. Тұрғын үй кооперативі құрамына жаңа мүшелерді енгізу және жарналарды алу нәтижесінде адамдардан қомақты соманы жинап алып, өзі иемденіп кеткен. Азаматтардан алған ақшаның орташа мөлшері екі миллиард теңгені құрайды. Алданған үлескерлер ұжымдық арызбен Полиция департаментіне жүгінген. Сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алғаны және талан-таражға салғаны үшін Тұрғын үй кооперативінің жалған төрағасына қатысты 2019 жылдың қыркүйегінде қылмыстық іс қозғалды.