Жастар қазақша сөйлесін десек…
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Жастар қазақша сөйлесін десек…](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107813344027464.webp)
Жылдар бойы жастар арасында өзінің ұтымды ұсынысымен, өткір ойымен ерекшеленіп, мемлекеттің өркендеу үдерісіне үлес қосқаны үшін «Астана 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. – Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданыс аясы қалай? Ана тіліңіз орыс тілі бола тұра, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейсіз. Бұл – көпке үлгі боларлық іс. – Қазақ тілі – менің бірінші байлығым, тіл білуімнің арқасында көптеген жетістікке жете алдым. Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде 1989 жылы 22 қазанда дүниеге келдім. Тілім қазақша шықты, кейін орыс тілін үйреніп алдым. Ұлтым – орыс. Осындағы қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебін тәмамдадым. Екі тілде еркін сөйлеймін, ағылшын тілінде ойымды еркін жеткізе аламын. Саяси өмірде де көп көмегін тигізуде. Қоғам қазақ тілінің маңызын, керек екенін түсінсе, оның қолданылу аясын одан сайын кеңейтсе, барша қазақстандық қазақша еркін сөйлейді. Ал енді өкініштісі, әкесі де, шешесі де қазақ бола тұра, балалары орысша сөйлейтін отбасылар бар. Бірақ сол отбасыға барып «Ұлыңа қазақы тәрбие бер, тек қазақша сөйлесін» деп айтуға да құқығымыз жоқ. Себебі әрбір отбасы – бір мемлекет. Бұл мақсатта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен мәдениет министрлігі жаңа жобаларды жүзеге асыруы қажет. Қазір трендттегісі, жастарға түсініктісі – TikTok, Instagram сынды әлеуметтік желілер. Блогерлер мен вайнерлердің жастардың көшбасшыларына айналғаны жасырын емес. Менің ойымша, мемлекеттік саясатқа жастарға жақын азаматтарды тартып, қазақ тілін көбірек насихаттаса, бұл мәселенің шешімі табылар еді. Қазіргі таңда Мәдениет министрлігі осы бағытта неше түрлі методикаларды ұсынып жатырмыз дейді. Бүгінгі қоғамға ондай күрделі методикаларға қарағанда, осындай тәсіл әлдеқайда ұтымды болар еді. Әрбір аудиториядан тиісті мамандарды табуға болады. Жастармен жастарша саясат жүргізу қажет. – Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің үлгісі, оған көршілес елдер қызыға қарайды. Ассамблея жұмысына сіздің көңіліңіз тола ма? – Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылды. Осы күнге дейін қаншама игі істерді атқарды. Біріншісі қоғамды біріктіруге бағытталады. Барлық Қазақстандағы ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында ұстап, ешкімді бөлмей, барлығына тең құқық беріп, заманауи, саяси-демократиялық, зайырлы мемлекетті қалыптастыруда өзінің сүбелі үлесін қосқаны сөзсіз. Көршілес елдерде өзара түсініспеушілік болып жатқанда, Елбасы екі елдің басшыларын татулыққа шақырған болатын. Яғни бейбітшілікті ұстанатын мемлекет екенімізді тағы бір мәрте дәлелдеді. Ассамблея өз жұмысын жоғары деңгейде жүргізіп отыр. Әрі қарай да жұмысының жандана түсетініне кәміл сенемін. Себебі жоғары деңгейдегі дипломат, білікті басшы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тізгінді алғаннан кейін үміт көп. – Ұлттар достастығын нығайтуда, елімізді бүгінгі татулықты жалғастыруда сіздің ұсынысыңыз қандай? Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ТМД елдерінде насихаттау үшін қандай стратегиялық бағыттар ұсынасыз? – Біздің бейбітшілікті жақтайтынымыз ТМД елдеріне ғана емес, барлық әлемге үлгі болып отыр. Біз өз әрекетімізді сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеміз. Біздің елімізде жағдай бірқалыпты. Көршілес елдерде жағдайдың қандай дәрежеде екені айтпаса да түсінікті. Қазақстанда тәуелсіздіктен бері ешбір этносаралық қақтығыс орын алған емес. Дегенмен қазақ «қыстың қамын жаз ойла» дейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы әрбір өңірдің жергілікті атқарушы органдарымен кездесіп, өңірдегі филиалдарының басшыларымен жүздесіп, жағдайды бірқалыпта ұстауға жан-жақты талдаулар жүргізіп отырғаны дұрыс. Кішігірім қақтығыс туындаса да, сол оқиға орын алған жерге барып талдаулар жүргізуі тиіс. Алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асса, қақтығыстың орын алуы мүмкін емес. Қазір елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» демекші, бәрі бақылауда болуы керек. – Бүгін мен ертеңге жоспарыңыз қандай? Сізді қандай мәселелер толғандырады? – Қазіргі таңда 7-шақырылым депутатымын, жұмыс қызуда. Nur Otan партиясының атынан сайланған депутат болғаннан кейін екі кеңес құрамында бармын. Бірінші – партия бақылау комитеті, екіншісі – жастарды қолдау бағыты бойынша кеңес төрағасымын. Алдағы күнге басты жоспарым – халықпен жұмыс істеу, халықтың көкейіндегі мәселелерді көтеру. Жастар арасында жұмыссыздық мәселесін жойғымыз келеді. Жұмыссыздықпен күрес партияның «Өзгерістер жолы – әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасында нақты жазылған. Алдағы уақытта жастар арасындағы жұмыссыздықты жолға қою, кәсіптік оқыту бағдарламаларын көбейту, жұмысшы мамандардың тапшылығын жоюға бағытталған тиісті жұмыстар жалғасын таба береді. Туризмнің сервисін дамыту, автожолдардың құрылысы қолға алынады.
Сұхбаттасқан Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ