«Астана Опера» Халықаралық балаларды қорғау күнін қалай атап өтеді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» Халықаралық балаларды қорғау күнін қалай атап өтеді
ашық дереккөз

Хор ұжымы мен балет студиясының мәнерлі де жарқын жеке әрі ұжымдық нөмірлері залда мерекелік көңіл-күй қалыптастырады. - Біз барлық балаларды осынау тамаша мерекемен құттықтай отырып, олардың балалық шағының бақытты, түрлі қызықты оқиғалар мен қуанышқа толы болғанын, жақын адамдарының жылулығына бөлене берулерін тілейміз. Бізге, үлкендерге де көп нәрсе байланысты: өмірдегі ең басты дүние – өз махаббатымызды сыйлау. Ғаламдағы әрбір баланың дені сау, көңілі шаттыққа толы және өз әлеуетін іске асыра алатын болсын, - деп атап өтті хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова. Балет студиясының жетекшісі – Әмина Әлиева, хормейстер – Әйгерім Амангельдиева, концертмейстерлер – Ирина Кургузкина және Эльмира Сұлтанғазина. Концерттің режиссері Николай Коршунов. Жазғы демалыс уақыты жақындап қалды, демек «Астана Опера» театрында балалардың күлкісі жиірек естілетін болады, себебі шығармашылық ұжым өскелең ұрпақ үшін көптеген тартымды концерттер әзірледі. Бұдан бөлек, директордың орынбасары Айжан Құрманғалиеваның бастамасымен осы жылдың басында бастауын алған «Театр сабағы» бірегей жобасы жалғасын табуда. Оқушыларға көрермендер көзінен таса театр сахнасының сыртын ғана көрсетіп қоймай, оларға экскурсиядан кейін тамашалайтын спектакль туралы қысқа да мазмұнды дәріс оқылады. Тәжірибелі музыкатанушылар оқушыларды театр өмірінің негіздерімен таныстыра отырып, бірте-бірте асқақ өнер әлеміне жетелейді. «Астана Опера» театры ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, «Астана Опера» театрлық студиясы тәрбиеленушілерінің орындауында ашық аспан астында балаларға арналған бірқатар тамаша бағдарламаларын ұсынады. Еске салар болсақ, балалар студиясының негізі 2013 жылы қаланды. Оған өнерге деген үлкен қызығушылығы мен махаббаты, сахналық дарыны мен музыкалық қабілеті бар балалар келеді. Бүгінгі таңда оның тәрбиленушілері түлектер атанып, Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындарында білім алуда. Көрермендер студияның жас әртістерін Дж.Пуччинидің «Богема», «Турандот» және «Тоска», Ж.Бизенің «Кармен», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операларынан және т.б. көре алады. Ал балет студиясының тәрбиеленушілері Л.Минкустің «Дон Кихот» спектаклінде Ла Скала театрының әртістерімен бірге бір сахнада өнер көрсетті. «Балалар театрға шақырады» концерті 1 маусым күні сағат 15:00-де басталады.