Абайдың мұраларын, Алаштың мұраларын әлі де зерттеуміз қажет – Заңғар Кәрімхан
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Абайдың мұраларын, Алаштың мұраларын әлі де зерттеуміз қажет – Заңғар Кәрімхан](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107813333179286.webp)
Тағылымды іс-шараға "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев, алаштанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Алаш зиялыларының ұрпақтары және мектеп мұғалімдері қатысты.
Алаш интерактивті сыныбына кірмес бұрын ұзын қабырғаға Абай өмір сүрген дәуірден бастап, Алаш тарихының басты оқиғаларымен бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан бейнеленген мурал орналасқан.
Интерактивті кабинеттің іші қазіргі заманауи техникалармен (компьютер), "Қазақ" газеті, Алаш мектептері, Алаш оқулықтары, Алаш мұғалімдері туралы ақпараттармен қамтылған.
Сондай-ақ Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының портреттері ілінген.
Алаш кабинетінің лентасын Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Оңдағанқызы қиды.
Ал Qyr balasy қорының "Алаш кітапханасы" сериясымен шыққан кітаптарының тұсауын алаштанушы Дихан Қамзабекұлы, Алаш мұғалімі Ермек Әбілғазин, Qyr balasy қорының директоры Ұшқын Сәйдірахманұлы кесті.
Алаштану интерактивті кабинетін жабдықтауға «Ақ жол» партиясы демеушілік жасап, қолдау көрсетті.
Шараны «Алаштың ақжолы» жас ғалымдар мен студенттердің арасында ғылыми конкурсының жүлдегері, Абай мектебінің мұғалімі Заңғар Кәрімхан ұйымдастырды. Оның айтуынша, Абай мектебінде ашылған мұндай рухани мекеменің мәні мен мағынасы зор.
"Біз осы арқылы жас ғалымдар мен балаларды Абай әлеміне қызықтыра аламыз. Бүгін біздің мектебімізде екі үлкен жаңалық болып отыр. Біріншісі - Алаштану интерактивтік кабинетінің ашылуы. Екіншісі - арыстарымыздың белгісіз мұралары жазылған жеті кітаптың шығуы. Бұл шаралардың мәні мен маңызы зор. Қазіргі кезде Абайдың мұраларын, Алаштың мұраларын әлі де зерттеуміз қажет. Жастардың арасында тың ақпарат беретін ғалымдар көп. Сондай ұлы жаңалықтар жаңадан бой көтеріп келе жатқан мектебімізде түсіндіріледі деген ойдамыз", - деді ол.